378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе іргесіндегі Өрлеу ауылының тұрғындары ауызсудың сапасына шағымданды

  • 85
  • UPD: 13:11, 16.03.2019

Ақтөбенің дәл іргесіндегі Өрлеу ауылы кезінде облыс орталығын бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз еткен, деп хабарлайды «Хабар 24»

Құнарлы қара топырағына не ексең де шығатын. «Қазір ол күндер келмеске кетті», – дейді ауыл тұрғындары. Себебі жерасты суының сапасы жыл санап нашарлап барады. 400 түтіні бар ауылда орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Халық бау-бақша суаруға да жарамайтын жер асты суын ішіп отыр.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Осыдан 5 жыл бұрын біздің түсіру тобымыз осы Өрлеу ауылындағы ауызсу мәселесін көтерген болатын. Содан бері жыл сайын тұрғындар шағымданады. Алайда ауылға әлі таза, сапалы ауызсу келген жоқ. Мұндағы ауыл халқы әрқайсы өз ауласынан осындай құдық қазып алған. Жер қарайды. Ертең олар бау-бақша отырғызғысы келеді. Алайда шаруашылық түгілі, ішудің өзіне мұнда су қат болып тұр.

Осы ауылда 20 жылдан бері тұратын Роза Ахметова да ауласында құдық қаздырып алған. Су 11 метр тереңдіктен шығады. Жерасты суы кейде тартылып та қалады. Зейнеткердің айтуынша, ауылдықтар арыз айтып, біраз есікті қағыпты.

Роза Ахметова, Өрлеу ауылының тұрғыны:

– Құдықтан ішеміз, су хром араласқан. Сапасы дұрыс емес. Таситын жеріміз жоқ, амал жоқ, соны ішеміз.

Шелегін көтеріп, су іздеп жүргендердің бірі – Эльвира Баймурзина. Үйдегі шиттей баланың киімін жуып, тамағын дайындауға күніне бірнеше литр су кетеді. Өз ауласында құдық жоқ.

Эльвира Баймурзина, Өрлеу аулының тұрғыны:

– Көршілерден күнде осылай тасимын. Егер бұл көршіде істемей қалса, келесі көршіге барамын. Балалар су алып келуге жарамайды. Сондықтан өзім жүремін өзім тасимын.

Жергілікті билік бұған дейін таза ауызсу құбырын жүргізу үшін ұзақ мерзімді зерттеу жұмыстары қажеттігін айтқан еді. Бұл маңда жер асты су қорының көзін табу оңай емес екен. 2 жылғы зерттеуден кейін былтыр жобалық сметалық құжаты жасалған. Енді құбыр тарту жұмыстары басталды. Оған республикалық бюджеттен 200 млн теңге бөлінген.

Асылжан Балғазин, қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары:

– Қазір осы ауылға су жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Су құбырының жалпы ұзындығы 19 шақырым болып табылады. Жасалатын жұмыстар біз орталық құбыр желісін тартып кетеміз. Қалған тұрғындар өздері сол желіге өздері қосарланып алады.

Әкімдіктегілердің айтуынша, құбыр тарту жұмыстары биылғы жылдың қараша айында аяқталады. Яғни, сол кезде ғана ауыл халқы сапалы, таза ауызсу іштін болады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы