378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Қырғызстанның балабақша жетекшілері тәжірибе алмасуда

  • 58
  • UPD: 13:13, 16.03.2019

Алматы, Шымкент және Түркістан облысындағы 19 балабақшаның жетекшілері тәжірибе алмасу үшін Қырғызстанда жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қырғыз әріптестерінің жұмысын көріп, пікір алмасады.

Бішкектегі нөмір бесінші балабақшада балдырғандар қатарынан екі тіл үйренеді. Бұл әдісті ұстаздар «жартылай ұңғу» деп атаған. Балалардың оқуы әдеттегі сабақ түрінде емес, ойынға ұқсас. Тәрбиеші ойнышықтар, суреттер мен музыканың көмегімен сөздердің мағынасын түсіндіреді. Жауабын балалар айналасына қарап табады. Ол екі тілде жазылған. Осылайша, дұрыс жауабын бір тілде жазып, екінші тілді де меңгеріп жүр.

Салтанат Чоро қызы, №5 балабақшасының әдіскері:

– Баланы қатты қинамаймыз. Ережелерді жаттатқызбайтындықтан, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ойын түрінде балдырғандарымызға сөздерді үйретеміз.

Түркістан облысындағы балабақшаларда да оқу бірнеше тілде жүреді. Көбінесе қазақ пен өзбек тілінде. Әрине тәрбиешілерінің өз әдістемелері қалыптасқан. Бірақ әріптестерінен үйрену ешқашан да артық болмас. Өз ерекшеліктері мен ұқсас тұстары бар дейді олар

Гүлбахар Ризаева, Түркістандағы балабақшаның директоры:

– Түске дейінгі сабақтары қырғыз тілінде өтті, түстен кейінгі ойындарының бәрін орыс тілінде өтіп жатыр. Бала сол күні бір тақырыптың өзін екі тілде меңгеріп жатыр. Осы тәсіл бізге ұнап отыр.

Қырғызстанда мектепке дейінгі оқу орындарында көптілді білім беру бағдарламасын 2015 жылы енгізген. Сынақ түрінде басталған жоба оң нәтиже берген соң, оның ауқымы кеңейтіле бастады. Енді олар елінде үштілді білім беруді табысты енгізіп жүрген қазақстандық әріптестерімен жиірек тәжірибе алмасуға келісті.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы