378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендік жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды

  • 72
  • UPD: 07:36, 17.03.2019

Жастар жылында жастардың терең біліп алып, кәсіп ашуына жаңа мүмкіндіктер беріліп отыр.

Ол үшін «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары қолға алынды. Мәселен, өз ісін бастағысы келетін азаматтарды қолдауға 39 миллиард теңге қаржы бөлінетін болса, сұранысқа ие сапалы мамандар даярлау үшін оқу орындарындағы білім беру жүйесі жаңартылмақ. Ал «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша осы күнге дейін елімізде 11 мың жоба мақұлданып, 16 мың адам тұрақты жұмыс тапқан.

Шығыс Қазақстан облысында кәсіп ашқысы келетін жастар көп. Жыл басынан бері олар 500-ге жуық жоба ұсынып, соның үздік шыққан үштен біріне 150 миллион теңге грант берілген. Дегенмен жас ғалымдардың өндіріске әлі енбеген жобалары да жеткілікті. Мәселен, Өскемендегі техникалық университеттің жастары титан мен тантал қорытпасынан имплантты 3D принтерін де жасап шығарды.

Аманжол Тұрлыбек, техникалық университеттің аға оқытушысы:

- Бұл жоба қазіргі таңда аяқталып келеді. Оның ғылими жағы аяқталды. Біз әзірлеу технологиясын ойлап таптық. Өзіміздің жасалған қортпаны зерттедік. Эксперименталды  түрде және де оңды нәтижелер алдық. Сенім керек және уақыт. Қаражат керек. Осы үш нәрсе қосылса, бір-екі үш жылда отандық имплант шығады.

Мемлекет басшысы жуырда «Жас маман» бағдарламасын әзірлеп, 200 жаңғыртылған оқу орнында ең қажетті 100 мамандық бойынша маман даярлауды тапсырған болатын. Маңызы ерек бұл істен кәсіпорындар да шет қалмауы тиіс. Өйткені өнім сапасы ең алдымен кадрларға байланысты. Сол себепті де Оралдың кеме жасау зауыты жас мамандардың біліктілігін жетілдіруге мықтап мән береді. Мұнда жергілікті жоғары және арнаулы орта оқу орындарының шәкірттері дағды-машықтарын арттырса, зауыт мамандары кеме жасау ісінің қыр-сырын үйрену үшін шетелге жіберіледі. 27 жастағы инженер Асхат Шалтықов мұнда келгелі көп нәрсені қайта меңгергенін айтады. «Жаңа бағдарлама маман даярлау ісінің сапасын арттырса», - дейді.

Асхат Шалтықов, кеме жасау зауытының инженер-маманы:

- Мұнда келген соң көптеген мәселе үйрендім. Себебі практика мен теория екеуі екі бөлек нәрсе ғой. Анда үйретпейтін нәрселерді мұнда біліп аласың. Елбасының «Жас маман» деген бағдарламасы керек. Себебі жастарға жұмыс табуға қиын. Тәжірибе сұрайды.

Ал Қарағандыдағы оқу орындары теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға басымдық беріп отыр. Жуырда жергілікті колледждердің бірінде құзырет орталығы ашылды. Оқу алаңы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Енді жастар өндірістегі соңғы жаңалықтарды осында меңгеріп, бәсекеге төтеп бере алатын дайын маман болып шығады. «Себебі күн сайын өзгеріп жатқан технология көшінен қалмау үшін оқу орындары беретін базалық білім жеткіліксіз», – дейді ұстаздар.

Мүбәрәк Хасенов, Қарағанды жоғары политехникалық колледж директорының орынбасары:

- Колледждегі берілетін білім – ол негізгі білім. Бұл база. Бірақ қазір технологиялар тез дамуда. Мысалы, бағдарламаны тез үйретсек те, кейбір салада, әсіресе ақпараттық салада технология тез дамып кетеді де, біздің балаларымыз оқып келгенше оны меңгеруге үлгермей қалады. Ал бұл орталықта біздің оқушылар ең заманауи, индустриядағы бар соңғы затты осы жерден үйреніп шыға алады. 

«Жас маман» бағдарламасы бойынша еліміздегі ең үздік 10 колледж заманауи технологиялармен жабдықталмақ. Жаңартылған оқу орындарының жанында жастардың инновациялық жобаларын қолдайтын стартап-орталықтар құрылады. Нәтижесінде үш жылда жаңа стандарт бойынша 200 мыңнан астам маман даярланып, 15 мыңнан астам оқытушының біліктілігі арттырылмақ. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Олжас Керейхан, Ерденбек Жылқыайдарұлы

Хабар 24 телеарнасы