378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында 335 білім беру ұйымына тексеріс жүргізілді

  • 174
  • UPD: 17:35, 17.03.2019

Қызылорда облысындағы 52 мектеп директорының кабинеттері рұқсат етілген аумақтан артық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбірі демалыс бөлмесін жасақтап алған. Осы ретте «Адалдық алаңы» жобасы аясында өңірдегі 335 білім беру ұйымына тексеру жүргізілді. Нәтиже қандай?

Облыс орталығында орналасқан №136 мектеп-лицейінің директоры кең кабинетін робототехниктерге босатып берді. Үйірмедегі 5 құрастыру кешені арқылы қазір 250 оқушы түрлі жобалармен шұғылданып жүр.

Қалдыгүл Жұмабекова, №136 мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы:

– Алдағы уақытта бұл кабинетті үлкейту жоспарда бар. Келесі оқу жылында кабинетті үлкейтіп, әрі қарай жұмыс жүргізе береміз. Оқушылар саны 400-500-ге жеткізу жоспарда бар.

Ал мыңнан астам бала білім алатын №233 орта мектеп басшысының жоғарғы қабаттағы жайлы бөлмесіне бастауыш сынып оқушылары жайғасып алды. Директордың өзі мектепке кіреберістегі киім ілетін орынды жаңғыртып, жарақтандырып, сонда орналасты. Жалпы өңірдегі мектеп директорлары жазғы демалыс уақытында түгел төменгі қабатқа түсетін болады. 

Берікбол Байхожаев, МҚІСЖҚА департаменті басшысысының орынбасары:

– Мектепке келген ата-ана басшы кабинетін іздеп жүрмейді, бірден 1-қабатта кездесіп, өзінің ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алады. 2-3 қабатта орналасқандардың 30 шақтысы қазір 1-қабатқа орналасып, артық алаңдары жойылды. Оларда қосымша білім беру үйірмелеріне оның ішінде музыканы, ІТ технология және ҰБТ-ға дайындау курстары, үйірмелерге босатып беріп отыр.

Түрлі деңгейдегі әкім-қаралар да енді жұрттан бөлектенбей, қызметкерлерімен бірге отырады. Қала іргесіндегі Тасбөгент кентінің әкімі мен орынбасары өңірде алғаш болып қымталған қабырғасын бұздырып, кабинетін әйнекпен көлегейлеп қоя салды. Халықпен ашық, жариялы түрде жұмыс істеу үшін.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы