378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысындағы ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшы

  • 181
  • UPD: 17:36, 17.03.2019

Атырау облысындағы ауыл шаруашылығы саласында кадр жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай өңірдегі орта буын мамандарын дайындайтын Атырау аграрлық техникалық колледжі жыл сайын жүздеген агроном мен мал дәрігерлерін дайындап шығаруда. Болашақ мамандардың теориялық білімін практикамен ұштастыруы үшін тіпті агротехникалық кешеннің құрылысы да басталады. Бұл мақсатқа 4 гектар жер телімі бөлініп, осы заманғы ең озық технологияға негізделген тәжірибе алаңы мен клиникалық зертхана бой көтермек.

Тірі жануарларға зерттеу жүргізу болашақ фельдшерлер үшін қашан да қызық. Студенттер қазірдің өзінде түрлі зерттеулерді өз бетінше жүргізуге машықтанған. Өкініштісі осындай ашық сабақтар өткізетін арнайы зертхана жоқ. Соған қарамастан колледж ұжымы қолда бар мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда.

Бақытгүл Сахиева, ветеринария бөлімшесінің оқытушысы:

– Ветеринарлық клиникамыз болса деп армандаймыз, сол жерде балалар мал өсірсе жақсы болар еді. Үлкен тәжірибелік зертханалардың болмауы себепті біз қазір жұмыстарды кабинеттерде жүргізіп жатырмыз.

Бұл – агрономия бөлімшесінің студенттері. Бүгін олар гүл тұқымдарын көшеттерге отырғызу және гидропоникалық әдістің қыр-сырымен танысуда.

Алмагүл Шамұратова, колледж студенті:

– Агроном мамандарын біз осындай жылыжайларға әкеліп, теориядан алған білімдерін практикамен ұштастырамыз. Егер де осындай шағын жылыжайлар өзімізде болса нұр үстіне нұр болар еді.

Атырау аграрлы техникалық колледжі агрономдар, орта буынды мал дәрігерлері мен комбайнерлер секілді ауыл шаруашылығына қажетті 18 мамандық бойынша кадр дайындайды. Студенттер әзірге облыстағы іргелі шаруашалықтармен келісім негізінде дуалды оқу жүйесінде білім алуда. Яғни үйренгенің өзіңе, жұмыс істегенің шаруашылыққа пайда. Нәтижесінде студенттер оқуын бітірісімен, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Өткен жылы 50-ден астам жас маман осы әдіспен еңбекке араласыпты.

Биыл жергілікті билік колледжге қала іргесіндегі «Геолог» ауылы маңынан 4 гектар жер телімін бөліпті. Қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталды. Жаңа ауыл шаруашылығы кешенінде болашақ ауыл шаруашылығы мамандары үшін барлық жағдай қарастырылатын болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

 

Хабар 24 телеарнасы