378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылықтар Наурыз мерекесін жаңа форматта атап өтуді бастады

  • 191
  • UPD: 19:37, 17.03.2019

Алматыда «Ұлы даланың ұлы күні – Наурыз» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қолға алынған мерекелік жиында жас жеткіншектерді ұлттық құндылықтармен жақын таныстыруға ерекше көңіл бөлінді.

Мұхтар Әуезов театрының алдындағы алаңда бүгін бос орын жоқ. Мерекелік думанды қаладағы өнер ұжымдары «Көрісу дәстүрінен» бастады. Бұл күні халық қыстан шығынсыз шыққанына қуанып, бір-біріне амандық-саулық тілейді.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:

– Мәдениет және спорт министрлігі Амал күнінен бастап Наурыз мерекесімен елді, жұртты құттықтап жатырмыз. Мұның ең негізгі мақсаты – біздің дәстүрімізді ұмытпай, тарихымызды ұлықтап жасөспірімдерге дәстүрімізді жаңа форматта көрсету.

Бүгінгі мерекелік шараға балалар үйлерінен және көп балалы отбасылардан 800-ден астам бүлдіршін шақырылды. Оларға сыйлықтар үлестірілді. Болашақта Әуезов театры наурыздағы демалыстарда оқушыларға арналған қойылымдар көрсетуді жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – жеткіншектердің Наурыз мерекесін бір жыл күтіп жүретіндей көңілін ояту, мереке туралы олардың танымын кеңейту.

Өнер қайраткерлері ұсынған концерт те көптің көңілінен шықты. Жиналған халық қолөнершілердің жәрмеңкесін аралап, ұлттық ойындарға құлшына қатысты.

Бақыт Беделхан, ақын:

– Наурыз десе, наурыз көженің айналасы емес, оның ұрпақтан ұрпаққа ұлағат болатын, үлкеннен кішіге өнеге болатын, жалпы елдің ынтымақ-бірлігіне бір шеге болатын, себеп болатындай мағынаға ауысып келе жатқанына қуанамыз.

Наурызда көшет отырғызылып, гүл егіледі. Бұл дәстүр бүгін де жалғасты. Асанәлі Әшімов пен Сәбит Оразбай бастаған театр тарландары балалармен бірігіп «Өнер және БАҚ аллеясына» жасыл желек отырғызды.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы