379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында шағын ауылдарды ірілендіру жұмысы жалғасып жатыр

  • 231
  • UPD: 09:01, 18.03.2019

Ауылдық округ әкімдері бірыңғай бюджет арқылы шығындарды тиімді жоспарлауда. Нәтижесінже Шарбақты ауданы биыл қыстан қысылмай шықты. Жолдар дер кезінде тазартылды. Көшелер жарықтандырылып, көмекті қажет ететін тұрғындар отынмен қамтамасыз етілді.

Дмитрий Пупышкин ауыл клубының  көркемдік жетекшісі. Оқушыларды  мерекеге  дайындайды. Еңбек өтілі 45 жылдан асқан зейнеткер жұмыстан  қол үзбеген. Оның есімі Малиновка ауылының шежіресіне алтын әріппен жазылары сөзсіз. Қазір мұндағы халықтың саны 200-ден аспайды. Биылдан  бастап  Шарбақты ауылдық округіне  біріктірілді. Әкімшілік құрылым  орталыққа көшкенімен ауылдың іргесі сөгілмепті.  Керісінше өзге өңірлерден көшіп келетін отбасыларын күтіп отырған жайлары бар.

Дмитрий  Пупышкин, Малиновка ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылдан ешкім ешқайда кетіп жатқан жоқ. Ауылымыздың келешегі бар. Басқа өңірлерден көшіп келетін отбастары  қоныстанады деген жаңалықты естіп қуанып жатырмыз. Халықтың саны артады. Елге ел қосылады. Бізде фельдшерлік акушерлік пункт, мектеп бар. Оқу оқитын жер бар, медициналық қызмет көрсетіледі.

Шағын ауылда  үш бірдей   ірі шаруа қожалығы бар. Демек, жұмыс жеткілікті. Әлеуметтік нысандар  жұмыс істеп тұр. Аудан орталығынан  20 шақырымда жатқан Богодаровка ауылы да  Шарбақты ауылдық округіне кірді.  Бұл ауылда  115 адам қалыпты. Жеке шаруашылық ашып мал өсіріп отырған бірнеше отбасы бар. Солардың бірі  Роза Мазаева. Ажары кеткен  ауылда өзін жұртта қалғандай сезінетінін жасырмады.

Роза Мазаева, богодаровка ауылының тұрғыны:

- Біздің мектебіміз қандай жақсы. Қаншама бала оқыды. Асыр салып ойнап жүрген кездері есімде. Волейбол ойнайтын. Әсіресе жаздың күні балалар шулап жүретін. Қазір тым-тырыс. Ауылымызға адамдар көшіп келсе екен деймін. Жазда жасыл желекке малынады. Табиғаты  көркем бұл жердің. Бос қалғанын көріп, көңілім құлазиды.

Рас, бір кездегі қайнаған тірліктің нышаны да жоқ. Мектептің есігіне қарап құлып салынған. Әкімдіктің ғимараты қаңырап бос тұр. Әлеуметтік нысандардың бірі де  жоқ. Азық-түлікті  орталықтан тасиды. Оқушылар    ауданға арнайы автобуспен қатынайды. Жұмысқа қабілетті  адамдар  аудан, облысты жағалап  кеткен. Әйтсе де жергілікті атқарушы билік   ауылдардың жабылмайтынын айтады. Оңтайландыру сол шағын ауылдарды көтеру үшін жасалып жатқан қадам. Ал халықтың санын арттыруға ішкі көші-қон бағдарламасының көмегі көп.

Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:

- 48 семья биыл көшіп келу керек жоспар бойынша. Қазіргі күнде 9 семья көшіп келді. 9 семьяның 6-ның құжаттарын бекіттік жылдың аяғына дейін. Бәріне жұмыс орны бекітіліп әр үйге,  үйін сатып алуға сонымен қатар әлеуметтік қандай көмек соның бәрін көрсетіп жатырмыз үкіметтен берілетін. Жұмыс алып, осы біздің Шарбақты ауылына көшіп келіп жатыр.

Шарбақты ауданында бұрын 13 ауылдық округ болған. Шағын елді мекендер қазір 7 ауылдық округке топтастырылды. Мәселен, өткен жылы Богодаровка ауылының бюджеті бар жоғы 300 мың теңгені құраса,  Шарбақты ауылдық округіне кірген   алты ауылдың жалпы  бюджеті қазір 50 миллион теңгеге жеткен. Бұл ауылдарды ірілендірудің жемісі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы