378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысы Отырар ауданында Наурыз мерекесі тойланды

  • 634
  • UPD: 09:09, 18.03.2019

Түркістан облысының Отырар ауданында наурыз мерекесі ұлан асыр той болып өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көктем мерекесін аудан әкімдігі мен осы өңірден шыққан белгілі өнер жұлдыздары бірлесіп ұйымдастырды.

Ұлыстың ұлы күні ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекеге жиналған халыққа бауырсақ пен наурыз көже тегін таратылды. 

Ән әлемінің падишасы, «вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні бүгінгі наурыз мерекесінің ажарын ашып, салтанатына сән береді түсті. Отырар жұрты көктем мерекесін ерекше ықылас, ыстық сезіммен қарсы алды. Өйткені қыстан аман-есен, қысылмай шыққан ағайын бір-бірімен қауышып, құшақтасып, игі тілектерін жеткізіп жатты.

Отырардағы наурыз тойын тамашалауға облыстың барлық аудан-қалаларынан мыңнан аса адам келді. Ұлттық үлгідегі киім киген үлкендер мерекенің шырайын кіргізді. Тізқатар ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекеге жиналған халыққа бауырсақ пен наурыз көже таратылды. Күннің көзі де күлімдеп, отырарлықтарға жылы шуағын сыйлады.

Мархабат Әбдірайымова, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «рухани жаңғыру» дейді «Рухани жаңғыру» осы табиғатпен байланысады, наурыз мерекесімен байланысады. Ауа райы да керемет, халқымыздың да көңіл күйі тамаша. Халықтың көтеріңкі көңіл күйімен өтіп жатқан іс-шарасы өтіп жатыр.

Қазақы дәстүр мен ұлттық салт сақталған наурыз тойында аудан тұрғындарына қуаныш сыйлады. Әжелер наурыз көжесін ұсынып, өнер майталмандары ән мен жырдан шашу шашты. Наурызға жиналған көпшілікке бұл күн ерекше әсер қалдырды. Ал жылқыны ерекше құрмет тұтқан халқымыздың көкпарға деген көңілі алабөтен. 

Бекбатыр Айменов, Отырар ауданының тұрғыны:

- Жылқыны үйреткен қазақ. Көк тәңірі көкте, біздің піріміз көкте деп есептегенбіз. Сондықтан Қазақ өзінің әкесін көк дейді. Көктегі менің пірім деген сөзден шыққан. Көкпар, пар деген сөз көкпарды әдетте екі адам тартысып ойнайды. Парымен, сәнімен ойнайды. Сондықтан қазір көкпарды тамашалаймыз.

Наурыз мерекесінде жұрт асыға күткен ұлттық ойын – қазақша күреске баса көңіл бөлінді. Асық ату, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындар да думанды мерекенің көрігін қыздырды.

Уәлибек Әбдірайымов, әзіл-сықақ театрының директоры:

- Мен Отырар ауданынынң Қоғам деген ауылында тудым. Біздің ауылдан кезінде қазақша күрестен 16 аудан чемпионы болған. Сондықтан ішіне күрес кіргізейік, асық ату деген бар. Бұны да көп насихаттамасақ болмайды. Ләңгі тебу деген бар. Оны біреу ойлап тапқан жоқ. Қазақтың баяғыдан келе жатқан кішкене балалардың ойыны, осыны да жаңғыртайық, елге, ауылға барып дедік.

Айта кетейік, Отырардан шыққан өрелі азаматтар биыл ұлыстың ұлы күнін ұлан асыр тойға ұластырып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтастыра өткізді. Аудан әкімдігі мен осы өңірден шыққан өнерпаздар туған жерге құрмет көрсетіп, ақсақалдардың ақ батасын алды. Осылайша биылғы наурыз қыстан қысылмай шыққан Отырар халқының есінде көпке дейін сақталатын болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы