377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан және Корея медиктері бірлесіп атқаратын жұмыстың тізімін жасады

  • 167
  • UPD: 11:07, 18.03.2019

Қазақстан мен Оңтүстік Корея дәрігерлері алдағы жылдары бірлесіп атқаратын жұмыстар тізімін түзді. Құжатқа президент Мун Чжэ Иннің Астанаға сапары барысында қол қойылады деп күтілуде.

Бұл туралы Сеулдегі меншікті тілшімізге осы елдің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі айтып берді. Бұдан бөлек Оңтүстік корея астанасында халықаралық медициналық көрме өтті.  Ауқымды шараға 36 елден 1 жарым мыңға жуық компания қатысты. 

Сеул мемлекеттік университетіндегі мына операцияны 5 елдің дәрігерлері қадағалауда. Олардың арасында қазақстандық хирург Сәбит Досанбаев та бар. Ол мұнда тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуда. Дәрігер роботтың көмегімен ота жасауды үйренді. Сәбит жұмыс істейтін Астанадағы ауруханада мұндай құрал жоқ және Сеулдегідей күніне 300 операция жасалмайды.

Сәбит Досанов, астана қаласындағы №1 аурухананың дәрігері:

- Кореяда озық медициналық құралдар. Олар операция жасауды жеңілдетіп, қауіпті ісікті бастапқы кезде-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Осында алған тәжірибемді Астанада қолданамын деп үміттенемін.

Құлтемір-хирургтарды жасаудан АҚШ алдына жан салмай келеді. Осындай бір құрылғының бағасы 2 миллион доллар тұрады. Сондықтан оны әлем бойынша санаулы ғана клиникалар сатып ала алады. Бірақ Оңтүстік Корея жағдайды өзгертуге бел буған.

Ким Джин Ук, роботтар жасау компаниясының өкілі:

- Бұл біздің кореялық робот-хирург. Ол әлемдік озық құлтемірлерден кем емес. Бірақ бағасы 42 пайызға арзан. Қазір оны лицензиялау ісі жүріп жатыр. Барлығы дұрыс болса биыл құралды Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сатуды жоспарлап отырмыз.

Ғалымдар бұдан бөлек күрделі ауруларды емдейтін тың тәсілді әзірлеуге кіріскен. Мына аппарат ультрадыбыс арқылы бауыр, ішек және сүт безі обырымен күресуге көмектеседі. Жалпы Қазақстан медицинаны дамытудың оңтүстіккореялық тәжірибесін бірінші жыл қолданып отырған жоқ. Таңғы шық елінде жыл сайын еліміздің жүздеген дәрігері тағылмадамадан өтеді.

Кан До Тэ, Корея Респубикасының денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету вице-министрі:

- Біз екі жақты қарым-қатынасты нығайта береміз. Корея Президентінің Қазақстанға сапары кезінде меморандумға қол қою жоспарланған. Оны үкіметаралық ынтымақтастықтың жол картасы деп айтуға болады.

Ли Кван Ун, Сеул ұлттық университеті ауруханасының вице-президенті:

- Ақтөбеде біздің диагностиаклық орталық салынып жатыр. Оны құралдармен жабдықтау, бағдарламамен қамтамасыз ету және қызметкерлерін оқыту міндеті бізге жүктелген. Қазір қауіпті ісікті емдеу орталығын ашу үшін Алматы мен Астанада емханалар қарастырып жатырмыз.

Алматыда қазірдің өзінде үш оңтүстіккореялық клиника бар. Оларда шетелдік мамандармен бірге қазақстандық дәрігерлер де жұмыс істейді. Жергілікті мамандар өз әріптестерімен 13 медициналық бағыт және обыр ауруын емдеу бойынша тәжірибе алмасады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы