379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңіріндегі сүт фермалары қалдықсыз өнім шығаруды қолға алды

  • 203
  • UPD: 23:45, 18.03.2019

Осы аудандағы «Асылхан» шаруа қожалығы агрокешенді технологиялық өндірісті іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сөйтіп сиырдың сүті мен етінен бөлек терісі мен тезегінен де пайда тауып отыр. Түліктің жем-шөбін де өздері дайындайды.

15 жыл бұрын күріш егуді қолға алған ағайынды Дүйсебаевтар бүгінде ата кәсіп мал өсіруге бет бұрды. Мемлекеттік қолдау арқасында сүт сауу және өңдеу қондырғыларын алып, асылтұқымды ірі қаралар әкелді.

Құлмаханбет Дүйсебаев, шаруа қожалығы төрағасы:

- 2016 жылы ашылдық. Күніне мың литрге дейін сауып жатырмыз. Сиырда сенбі-жексенбі деген болмайды, үнемі 1 тонна сүт беріп жатыр. Жем-шөпті өзіміз дайындаймыз. Жүгері, бидай егеміз.

Сүтті сиырлар аппараттарда күніне 2 рет сауылады. Агронысан мамандары түліктерге эмбрион салуды бастап кетті. Алдағы уақытта барлық ірі қара асылтұқымды малға ауыстырылады. 

Күлдар Құдиярова, сауыншы:

- Біз қазір таңғы сүтті сауып жатырмыз. Одан 70 литрге дейін аламыз. Күніне 70 сиыр сауамыз. Кейде одан да көп, 130 литр аламыз. Майлылығын анықтайтын цехқа құтымен жібереміз.

Сауылған сүт зертханада терең талдаудан өткізіледі. Майлылығы анықталып, өңделіп, қаймақ, айран, сүзбе жасалады.

Ұлбосын Мұсаева, технолог:

- Біз оған ешқандай қоспа қоспаймыз. Таза сүт. Қалған сүт 3-6 айға сақталады. Біздің сүт ештеңе қосылмағандықтан, сақталу мерзімі 7 күн.

Табиғи таза сүт өнімдері Шиелі ауданының бірнеше әлеуметтік және өндірістік нысандарына таратылады. Соның бірі – «Айналайын» балабақшасы.

Бөбекжай балғындары әр таңды сүт ішумен бастайды және оны асыға күтеді. Ағарғанның ағзаға пайдасы жөнінде бүлдіршіндердің өздері айтып берді.

Ауданда жалпы ет-сүт бағытындағы 31 кооператив құрылған. Олардың құрамына 33 шаруа және 70 жеке қожалық кіреді. Ағымдағы жылы тағы 2 тауарлы-сүт фермасы ашылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы