389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жайық өзеніндегі ахуалды Nur Otan партиясы бақылайды

  • 449
  • UPD: 23:30, 18.03.2019
Жайық өзеніндегі ахуалды Nur Otan партиясы бақылайды

Бұл туралы бүгін партияның Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрлыбек Ожаев салааралық комиссия отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Желтоқсан айынан бері өзеннен 123,2 тонна балық өлексесі жиналды. Жайық өзеніндегі осы жағдай облыс тұрғындарын алаңдатып отыр.

Осыған дейін құзырлы органдар атқарып жатқан жұмыстарды енді партия бақылайды. Әсіресе облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен, ғылыми зертханалармен бірігіп базарларда сатылып жатқан балықтарға қадағалауды күшейтеді. Сондай-ақ құқық қорғау органдары оқыс оқиғаға қатысты тергеу-тексерулердің күнбе-күнгі нәтижесімен партия алдында есеп береді. Бұл шара билік партиясының «Халыққа көмек» жобасы аясында қолға алынып отыр

Нұрлыбек Ожаев, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

- Әрине, бүгінгі мәжіліс арқылы қабылданған ұсыныстарды тиісті орындарға жолдайтын боламыз. Қосымша шаралар қабылдайтын боламыз. Осы «Халыққа көмек» жобасы аясында саудаға түсетін балықтардың да қозғалысын мониторинг жасаймыз.

Өткен демалыс күндері Атырау облысында Жайық өзенін балық өлекселерінен арылту шарасы кешенді түрде жүргізілді. Шараға 2500 адам мен ондаған техника жұмылдырылды. Нәтижесінде еріктілер 4,3 тонна өлі балық жинады. Сондай-ақ Жайық өзенін сауықтыру мақсатында өзен экологиясын зерттеу жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 80 миллион теңге қаржы қаралған. Жоба Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорын толықтырудың жолдарын зерделейді. Оған отандық және шетелдік ғылыми зерттеу институттары қатыса алады. Олар алдағы 3 айда толық тұжырымдарын тапсырулары тиіс. 

Естеріңізіге сала кетсек, өткен желтоқсан-қаңтар айларында Атырау облысында жаппай балық қырғынынан жүздеген тонна балық шығын болды. Қазір осы өлекселерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Рүстембек Қорқытов, Аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы:

- Сең сөгілісімен біз Жайық өзенін балық өлекселерінен тазарту жұмысын тұрақты ұйымдастырып келеміз. Бұл жұмыс жалғаса береді. Басты мақсат – өлі балықтардың ортақ теңіз – Каспийге өтіп кетуіне жол бермеу. Шараға облыстағы барлық табиғат пайдаланушылар мен еріктілер, мемлекеттік мекемелер тартылған.

Соған қарамастан Атырау балықшылары байырғы кәсіптеріне уақтылы кірісті. Өңірдегі 11 өндірістік кооператив биыл 4500 тонна балық лимитін игеруі тиіс. Көктемгі маусымның алғашқы 3 күнінде 7,8 тонна су маржанын терді. Ол ризықтар арнаулы орындарда сатыла бастады. Бірақ бұрын өлген балықтар араласып кетпесі үшін барлық сауда нүктелерінде бақылау күшейтілген.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Аманатай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы