377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздық оқушы жедел әрекет етуге арналған орбиталық кешеннің шағын моделін ойлап тапты

  • 200
  • UPD: 09:46, 19.03.2019

Сыр өңірінде осымен тоғызыншы рет өтіп жатқан Наурыз кездесулеріне «Ғарыш. Ғылым. Интелект» тақырыбы арқау болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал аспан әлемінің құпияларын ашуға құлшынған өрендердің Қызылордада бас қосуы тегін емес. Өйткені адамзат ғарышқа қадам басқан әйгілі «Байқоңыр» осы өңірде.

Наурыз кездесулеріне еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам оқушы қатысуда. Олар 80-ге жуық ғарыштық жоба ұсынып отыр. Тіпті жерді түрлі ғарыштық қауіп-қатерлерден қорғайтын әмбебап кешеннің үлгісін де дарынды оқушылар жасап шықты. Солардың бірі – Тараз қаласынан келген Серік Мақсат. Ол жедел әрекет етуге арналған орбиталық кешеннің шағын моделін ойлап тапты.

Серік Мақсат, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы /Тараз/

– Орбитасында жүріп және астероид немесе комета келе жатқанын байқаса, бөлініп, электромагниттік тартылыс сияқты құралдарды қолдану арқылы жерді астероидтардан қорғауға болады.

Оқушылар ғарыш аппараттарының 3D модельдерін, орбиталық станциялар, әмбебап борттық құрылғылар, көпфункционалды зымырандар секілді бірқатар тың технология негізіндегі үлгілерін паш етті. Ал озық ойлы оғландардың жұмысына еліміздің ғарышкерлері, халық қаһармандары – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, NASA окілдері, Еуропалық ғарышкерлерді дайындау орталығының ғылыми қызметкерлері, Ұлыбритания, АҚШ, Германия және Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі жоғары оқу орындарының австронавтика саласы мамандары баға беріп, дәріс оқыды.

Талғат Мұсабаев, Қазақстанның халық қаһарманы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Әрбір экспонат пен макеттер ерекше ден қояға тұрарлық екен. Мектеп оқушылары осындай ғажайыптар тудырады дегенге сену қиын. Бірақ олар нағыз дарын иесі екендіктерін дәлелдей алды. Ізденімпаз жастар үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында барлық жағдай бар. Бұл – жастардың ғарыш кеңістігін және бүкіл әлемді игеру үшін мол мүмкіндік береді.

Правин Пратапан, Nasa ғылыми қызметкері /Ұлыбритания/

– Мені оқушылардың жұмыстары таң қалдырды. Қызықты әрі пайдалы жобалар өте көп. Бұл оқушылар болашақта елеулі зерттеулермен айналысатынына сенімдімін.

Шара аясында оқушылар ғарыш кемелерінің шағын модельін жасап, оны ұшырып та көрсетті. Зымырандарды көкке көтеру үшін механикалық және химиялық отын түрлерін пайдаланды.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Мына зымыранның шағын үлгісін байқоңырлық оқушылар бар-жоғы 1-2 сағатта жасап шығарды. Және оның құрылымы нағыз шынайы зымырандарға өте ұқсас.

Айта кетейік, Наурыз кездесулеріне қатысушы оқушылар бірер күн бұрын «Байқоңыр» ғарыш айлағында болып, зымыранның ұшырылу сәтін тамашалаған болатын. Шараның соңғы күні, яғни ертең олар «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен «Гагарин старты» айлағын көреді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы