377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте «Наурыз керуені» жолға шықты

  • 248
  • UPD: 09:48, 19.03.2019

Шымкентте Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Наурыз керуені» жолға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада керуеншілер шаһар көшелерімен жүріп өтіп, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады. Ежелгі дәстүрді жалғастырған қариялар жағы ағаш отырғызып, ал абыз аналар тал-дарақтың түбіне ақ құйды. «Армысың, Әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасына жиналған жұрт наурыз көжеден дәм татты.

Шымкентте биыл Наурыз мейрамы сән-салтанатымен бастау алды. Ұлыс күні қарсаңында Наурыз алаңына жиналған қалың көпшілік ішінен жастар жағы алтыбақан теуіп, ән салып мерекенің мерейін асырды. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген тәмсілді ұстанғандар абыз ақсақалдан бата алып, салт атты, күймеге мінгендер жолға шықты.

Мұратәлі Қалмұратов, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі:

– Бес мың жылды тарихы бар Наурыз. Сондықта бұл нағыз жаңа жылдың келген уақыты. Қыстың шығып, көктемнің келіп күн шуағы жарқырап жатқан уақытта тойлағымыз келіп отыр.

Бәйдібек би даңғылынан бастау алған «Наурыз керуен» дендросаябаққа аялдады. Мұнда қазақтың ежелгі дәстүрі «Ағаштарға ақ бүрку» салт жоралғысы жасалды.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Ақ құю – бағзы замандардан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан қасиетті ырым. Жалпы «ақтың» өзі қазақ ұғымында аса қадірлі саналады. Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұл күні жеміс ағаштарын отырғызса, аналар әйел азаматшалар жаңа егілген тал дараққа ақ бүркейді.

«Наурыз керуен» мұнан соң, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты алаңында өтіп жатқан «Армысың, Әз-Наурыз!» тойына табан тіреді. Этномәдени бірлестік өкілдері ұйытқы болған шарада өзге ұлт өкілдері бүкіл түркі жұртының ортақ мерекесіне атсалысты. Ән-биден шашу шашты.

Арзу Гурбанова, қалалық Әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Наурыз мерекесі мен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – мереке барша ұлт пен ұлыстарды, адамзатты теңестіретін көктемнің керемет мерекесі.

Бұл күні арнайы дастархан жайылып, қала тұрғындарына мерекенің басты дәмі – наурыз көже таратылды.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы