389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зейнетақы заңнамасына қандай өзгерістер енгізілді?

  • 527
  • UPD: 15:46, 19.03.2019
Зейнетақы заңнамасына қандай өзгерістер енгізілді?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «2019 жылы күшіне енген, Қазақстандағы зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер» тақырыбында ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату мақсатында зейнетақы заңнамасына келесідегідей өзгерістер енгізіледі:

Егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салын агенті болса, жеке тұлғаларға олардың ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарналарын осы салық агенті төлейтін болады;

Егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу фрилансерлердің міндеті емес, құқығы болып табылады;

Егер жеке тұлға жалдамалы жұмысшы болса және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасалса, онда осы шарт бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу - оның міндеті болып есептелмейді.

Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауы тиіс.

Хабарламада айтылғандай, биылғы жылғы жаңа енгізілімдердің бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы. Яғни, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашуы үшін қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның қор міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен сәтте шот автоматты түрде ашылады.

Үстіміздегі жылдың тағы бір жаңашылдығы 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) іске қосылды. Ол бойынша:

Мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салынған;

БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын;

Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды;

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік жарнаға жүзеге асыруға болады. Бұдан басқа, 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты электрондық үкімет порталы арқылы алу оңай бола түсті.

Осы күннен бастап кез келген салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені тек электрондық цифрлық қолтаңба ғана емес, бір реттік sms-парольдің көмегімен де ала алатын болды. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі.

2019 жылдың ақпанында «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды. Енді нотариустар «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі арқылы өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға онлайн тәртібінде (хат жүзінде сауалдар жолдамастан) сауалдар жолдай алады.

Зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер Ашық есік күніне келушілер мен Қор мамандары арасында қызу талқыланды. Қатысушылар бүгінгі кездесудің пайдалы және достық сипатта өткендігін ерекше атап өтті.

Айта кетелік, БЖЗҚ-да Ашық есік күні осымен үшінші жыл қатарынан әрбір үш ай сайын өткізілуде. Өткен жылы бұл шараға еліміз бойынша 20 мыңнан астам адам қатысқан болатын.

Бүгінгі шараға қатысушылар биылғы жылы күшіне енген, зейнетақы заңнамасындағы барлық өзгерістер туралы толыққанды және маңызды мәліметтерді, сондай-ақ өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша ақыл-кеңес алды.

Қандай да бір себептермен Ашық есік күніне келе алмағандар зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша Қордың www.enpf.kz сайты арқылы Басқарма Төрайымының блогына сұрақ қоюға, байланыс орталығының 1418 телефон нөміріне қоңырау шалуға (Қазақстан бойынша қалалық және ұялы телефон арқылы хабарласу тегін) болады. Сонымен қатар салымшылар мен алушылар өз өтініштерін Қордың әлеуметтік желілердегі негізгі парақшалары және WhatsApp арнасы арқылы жолдай алады.

Хабар 24 телеарнасы