377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкент әкімі оқушылар уланған мектепті барып көрді

  • 187
  • UPD: 16:59, 19.03.2019
Шымкент әкімі оқушылар уланған мектепті барып көрді inform.kz

Шымкентте оқушылар уланып қалған мектепті қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала жетекшілерімен бірге барып көрді.

Әкім онда Төтенше жағдайдың шығу себептерін анықтау жөніндегі жұмыстардың атқарылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шаһар басшысы мектепті толық аралап шығып, Ынтымақ шағын ауданындағы газ тарату пунктінде болды.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, мектепте табиғи газдың таралуы жөніндегі болжам расталмаған.

«Мамандар мектеп іші мен сыртындағы ауаның сынамасын алып, лабораториялық тексеруден өткізді. Мектептің санитарлық ахуалы қалыпты, адам денсаулығына келер қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтау жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасады. Бүгін мектептің жұмысы тоқтатылып, сабақтар ертең 20 наурыздан бастап жұмысын жалғастыратын болады. Білім ошағында тиісті сала мамандары жұмыс істеп жатыр. Жағдай қала әкімінің тұрақты бақылауына алынған», делінген хабарламада.

Ал, бүгін қаладағы газға жауапты мекеме «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ресми түрде төтенше жағдайға газ иісінің таралуы себеп болмағанын жеткізді.

Осыған қарай, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ табиғи газ арқылы мұндай төтенше жағдайдың болуы мүмкін еместігін ресми мәлімдейді. Біріншіден, ҚР Ұлттық экономика министрлігі бекіткен «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауаға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға» сай, табиғи газдың (метан) қауіптілігі IV санатқа жатады және ол уландырушы газ болып саналмайды. Ашық ауада бір жерде жинақталып тұрмайтындықтан, елді мекендер ауасын ластайтын тізімге де енбеген. Табиғи газды улы газбен шатастырмау керек! Екіншіден, газ тарату жәшігінен мектепке дейінгі 600 метр аралыққа ауадан жеңіл газдың жетуі мүмкін емес, ол бірден ауаға тарап кетеді. Сондықтан, 600 метр жерден ұшып жеткен газ қандай да бір бөлмеге (мектептің ішіне) жиналды деген тіпті қисынға келмейді.

Осы ретте, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ апаттық-диспетчерлік қызметі оқиға орнына дәлдігі өте жоғары газ мөлшерін есептейтін «Пергам» зертханасын жіберді. Жүргізілген тексерулер мектеп жанында, мектеп аумағында, тіпті станса маңында да газдың таралғанын анықтаған жоқ.

Еске салайық, кеше Ынтымақ ықшам ауданындағы N54 мектепте оқушылар мен мектеп қызметкерлері жаппай уланып, токсикологиялық ауруханаға түскен болатын.

Емдеу мекемесіне түскен 41 бала мен 4 ересек адамның бас айналу, құсу және қысқа уақытта естен тану белгілері болған. Бастапқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін барлығы үйлеріне жіберілді. Ал, бүгін еліміздің бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин бұл жағдайға мектептен 600 метр қашықтықта орналасқан тарату стансасынан табиғи газдың шығуы себеп болғанын атап кеткен болатын.

Хабар 24 телеарнасы