378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл елімізде 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынады

  • 200
  • UPD: 21:00, 19.03.2019

Биыл елімізде 13,1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Ол шамамен 118 мыңдай отбасының баспаналы болуына жағдай жасайды.

Бұл туралы Үкімет отырысында инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді. Сондай-ақ министрлер кабинеті «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы мен «7–20–25» бағдарламасының іске асу барысын қарастырып, халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту тетіктерін талқылады.

Ақиқат. Бүгінгінің басты мәселесі баспана. Оны шешу үшін үкімет мүшелеріне үлкен міндет жүктеліп отыр. Осы мақсатта сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер салуға республикалық бюджеттен 32,8 миллиард теңге бөлінді. Көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға 50 миллиард теңге қарастырылған.

Роман Скляр, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Аталған іс-шараларға 7 жыл ішінде 350 млрд. теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі. Бұл үшін бүгін 25 милрд теңгенің құрылыс жобалар тізімі жасалды. дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 миллиард теңге қарастырылған. Бұл көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді.

Былтыр елімізде 113 мың 700-дей пәтер пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен еді. Енді биылғы меже орындалса осы рекорд қайта жаңарады. Алғашқы екі айдың өзінде република бойынша 15 мың баспана пайдалануға берілді. Бірақ құрылыс қарқыны тұралап тұрған өңірлер де бар. Оларды Премьер-министр сынға алды. Ал облыс әкімдері тоқсан соңына дейін жоспарды ойдағыдай орындауға уәде етті.

Баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамту мақсатында, көп балалы, мүгедек балалары бар, немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасыларға жеңілдік жасалады. Ол үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 20 жылға алғашқы жарнасы 10 процент, жылдық үстемесі 2 проценттік несие беру жүйесі енгізілмек.

Оған қоса әкімдік тарапынан берілетін 1 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты бар. Оны алғашқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік берілген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет. Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде, жыл сайын 6 мыңға жуық көп балалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Елбасының әлеуметтік бастамасына сәйкес, мұқтаж отбасыларына тұрғын үй несиелерін  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы екі жылдың ішінде 22,5 мың отбасы жеңілдікпен несие алады.

Сондай-ақ биыл мегаполис санатындағы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың жалдамалы пәтер салынады. Бұл жоба алдағы үш жыл бойы жаслғаспақ. Оның құрылысына жыл сайын 7,2 миллиард теңге қарастырылған. Ал көп балалы отбасыларды   баспанамен қамту жобасы жеті жылға арналған. Соның аясында жыл сайын алты мың, жеті жылда қырық мыңнан астам көпбалалы отбасы баспаналы болады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы