378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдымызда ел болашағы үшін атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстар тұр

  • 299
  • UPD: 21:28, 20.03.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Президент қызметіне ресми кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында оған ел басқаратын тұлғаға тиесілі куәлік пен арнайы белгі табысталды.

30 жылға жуық мемлекетті басқарған Тұңғыш Президенттің бүгіннен бастап өкілеттігі тоқтады. Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен өз еркімен бас тартып, осыған сәйкес ҚР Конституциясының 42-бабы 3-тармағына сәйкес тиісті жарлық күшіне енді. Сөйтіп ұлыстың ұлы күні қарсаңында, қазақ елінің бас қаласында Сенаттың бұрынғы төрағасы Қасым- Жомарт Тоқаев президент ретінде қызметіне кірісті.

Ата Заң бойынша Президент өкілеттігі берілген Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдында ант беру рәсіміне дүйім ел көз тікті. Қос палатаның бірлескен отырысына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты.

Бүгін Парламенттің бірлескен отырысына жиылған депутаттар мен билік өкілдері Тұңғыш Президентке деген халықтың ыстық ықыласын жеткізгендей болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – биліктің барлық сатысынан өткен тұлға. Сыртқы саясатта атқарған жұмысы, Үкімет басқарған жылдардағы жетістіктері, заң шығару саласына сіңірген еңбегі әрқашан жоғары бағаланды. Оның жоғарғы палата спикері ретінде атқарып келген қызметі мемлекет басшысы болуға мүмкіндік берді.

20 наурыз енді жаңа президенттің қызметке кіріскен күні болып есептеледі. Оған ел басқаратын тұлғаға тиесілі куәлік пен арнайы белгісі табысталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдымызда ел болашағы үшін атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстар тұр. Барлық күш-жігерімді, білімімді Қазақстан игілігіне жұмсауды, халқымызға адал қызмет етуді басты міндет санаймын.

Тұңғыш Президенттің өз өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімі Қазақстан ғана емес, халықаралық қауымдастық үшін де тарихи оқиға болды. Мемлекеттің негізін қалаған тұлғаға тұтас ел алғысын білдірді. Халықаралық саясаттағы әріптестері де бірлесіп атқарған еңбектері үшін разылық білдірді. Елбасы ғасырлар бойы бабалар аңсап келген тәуелсіздікті сақтап қана қоймай, оны кейінгі буынға мұра етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен Қазақстан Республикасының қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамға қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді барша әлемге мойындата білді. Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды.

Президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, қарулы күштер, дипломатиялық корпус әрі азаматтық қоғам. Бүгінде бұл институттар бірлесіп жұмыс істейтін бірегей механизмге айналды. Елбасының басшылығымен экономиканы жаңғыртуға бағытталған реформалар жоспарлы түрде жүзеге асты. Тәуелсіздік алғалы бері ел экономикасына сырттан 300 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Қазба байлықтан түскен пайда ұлттық қорға құйылды. Дағдарыс қыспаққа алғанда осы қаражат демеу болды. Мұның барлығы – алдымен Елбасы саясатының бірегейлігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нарықтық экономикасы бар қуатты мемлекет құру ісіне білек сыбана кірісті. Қиындыққа толы осы жолда ол теңдессіз табыстарға қол жеткізді. Елбасының әр жолдауында, әсіресе, 2018 жылдың наурыз және қазан айларындағы жолдауларында, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде сөйлеген сөзінде ел мүддесін көздеген шынайы жанашырлық көрініс тапты. Ел азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған бұл құжаттар басқа елдерде баламасы жоқ бірегей шараларды қамтиды.

Қазақстан бірлігі – тұтас әлемге үлгі. Конфессияаралық татулықтың бізде өзіндік моделі қалыптасқан. Бұл аз десеңіз, жаһанда жер аумағы бойынша 9-орын алатын еліміз халықаралық қауіпсіздіктің кепіліне айналды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында халқымыз төл тарихында тұңғыш рет өзін туған жердің заңды иесі сезінді, баршамыздың жүрегімізді Отан үшін мақтаныш сезімі кернеді.

«Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» ұлт жоспары елімізді жаңғыртуға, Қазақстанның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Қазір заман алмағайып. Алайда қиындықтардың алдын ала алдық. Қаржы дағдарысы да елдің еңсесін түсіре алмады. Ол үшін уақытылы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қысылтаяң шақтан қысылмай өттік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің арқасында «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Әлеуеті айрықша «Назарбаев университеті» құрылып, барлық облыс орталықтарында зияткерлік мектептер ашылды. Еліміздің әр өңірінде қазіргі кезеңнің талаптарына сай заманауи мектептер салынды.

Денсаулық сақтау және мәдениет салаларында да атқарылған істер көп. Бас қала әлемге танылды. Оның құрылысы Елбасының жеке бақылауында болды. Ал халықаралық саясатта оның бастамасымен экономикалық бірлестіктер құрылып, өзара сауда-саттық артты. Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тізгіні де бір уақыт Қазақстанға берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің өлшеусіз еңбегін ескере келе, келесі шараларды қолға алу қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Наша столица должна носить его имя и называться «Нұрсұлтан». Хотел бы напомнить что такое предложение уже высказывалось по случаю 25-летия независимости РК. Далее. Воздвигнуть монумент в честь Первого Президента Республики Казахстан в столице нашего государства. Назвать центральные улицы всех областных городов именем Нурсултана Абишевича Назарбаева.

Елбасы – өлшеусіз еңбегімен дараланған қандай атақ-даңққа да лайық тұлға. Осы ретте оған Парламенттің құрметті сенаторы мәртебесі ұсынылды. Ал Тұңғыш Президент бейнеленген суреттер мен портреттер барлық қоғамдық орындардың төрінен түспейтін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Вся жизнедеятельность Елбасы будет обеспечиваться в соответствии с законом «О первом президенте», «Лидере наций» и другими законодательными актами, за Елбасы сохраняется вся служебная инфраструктура.

Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі конституциялық кеңестің мүшесі ретінде қала береді. Оған қоса, «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясындағы жетекшілік қызметтерін атқарады. Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» ордені мен «Халық қаһарманы» атағын табыс етті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы