379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы шешімін депутаттар қалай қабылдады?

  • 183
  • UPD: 23:05, 20.03.2019

Елбасының өкілеттігін тоқтату туралы шешімі депутаттарды да қайран қалдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі мәлімдемесі күтпеген жаңалық болды», – дейді. Бірақ халық қалаулылары ұлт көшбасшысы әрмен қарай да жол сілтеп, елі үшін аянбай еңбек ете беретініне сенімді. 

Сәрсенбінің сәтті күнінде таң атысымен жұмысқа келген депутаттарды табалдырықтан журналистер қарсы алды. Әрине олар үшін бұл – үйреншікті жағдай. Бірақ кез келген тақырыпта емін-еркін көсіліп сөйлейтін халық қалаулылары дәл бүгін эмоциясын жасыра алмады. Елбасының кешегі мәлімдемесі күтпеген жаңалық болды.

Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елбасының шешімі халыққа да әр түрлі сезім туғызған хабарлама болды. Әрине қимастық болады. Себебі көп жылдар бойы осы елге, мемлекетке қызмет жасады.

Әрине қимастық сезім болары хақ. Бірақ Елбасы әрмен қарай да елімізде мызғымас тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуына бар күш жігерін салары сөзсіз. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қызмет етіп, жол сілтейді. Ал «Nur Otan» партиясының көшбасшысы ретінде халықтың әл-ауқатының артуына аянбай еңбек етеді.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы президенттік өкілеттігін тоқтатса да, елімен бірге. Партиямызды басқарады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сіңірген еңбегін тек партияластары ғана емес, өзге де саяси ұйым өкілдері жоғары бағалайды.

Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде еліміз менмін деген алпауыт мемлекеттермен иық тірестіретін дәрежеге жетті. Әрине ұстанған бағытымыз дұрыс болмаса мұндай жетістікке жету әсте мүмкін емес еді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Нұрсұлтан Назарбаев тек қана мемлекетіміздің іргесін қалап қана қоймай, нарықтық экономиканы іске асырды. Ол – кәсіпкерлердің тәлімгері. Бірақ алда да қыруар жұмыс атқара беретініне сенімдіміз.

Иә, алда атқарар жұмыс аз емес. Бұл ретте Елбасы әрдайым жастарға сенім артып келеді. Кешегі жасаған мәлімдемесінде де өскелең ұрпаққа сөз арнады. Енді сенім үдесінен шығу міндеті тұр.

Дәл осы Парламент мінберінен Нұрсұлтан Назарбаев талай рет сөз сөйледі. Заң шығарушы биліктің талқысына ұсынған бастамалар да аз болмады. Сондықтан депутаттық корпустың талай жылдан бері бірлесіп қояң-қолтық жұмыс істеген Елбасына ілтипаты ерекше.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы

Хабар 24 телеарнасы