379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау өңірінде Наурыз мерекесінде жақындарына сыйлық сыйлау көне дәстүрі сақталған

  • 566
  • UPD: 08:59, 22.03.2019

Маңғыстау өңірінде Наурыз мерекесінде жақындарына сыйлық сыйлау көне дәстүрі сақталып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жасы кішілер үлкендердің үйіне барып, көрісіп, тарту-таралғыларын жасайды. Мәселен, қарияларға, жасы үлен ер азаматтарға шапан жапса, аналарға ақ жаулық пен күміс білезік пен жүзік сыйға тартылады. Бұл аймақта қонаққа барған үйіне қыстан шыққан сүр етті сыбаға ретінде тарту жасау дәстүрі де бар.

80-ге аяқ басқан Тілекбай атай мен Асыл апайдың шаңырағында Наурыз мерекесі басталып кетті. Оларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтау үшін ағайын-туысы мен бала-шағасы келді. 3 қыз бен 2 ұлды тәрбиелеп өсірген қос қария бүгінде 15 немере мен үш шөбере сүйіп, ұрпағының бақытына бөленіп отыр. Үйге келген меймандар дәстүрге сай арнайы сыйлықтарын ала келген.

Асыл Ақмолдина, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Үлкен кісілерге жастар құр қол келмейді. Көбіне қыста сақтаған сыбаға алып келеді. Қазы-қарта, тиісті жілігін алып келеді. Келіндер енелеріне кестелеп тіккен орамалдарын сыйға тартады, көйлектерін алып келеді.

37 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстаз Наурыз мерекесінде сыйлық сыйлаудың көнеден келе жатқан дәстүр екенін айтады. «Мерекеде жақыныңа тарту жасаудың тәрбиелік мәні зор», – дейді Асыл апай.

Асыл Ақмолдина, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Үлкен адамдарға деген құрмет, әдеп, бұрынғы салт-дәстүр қайтадан жаңғырып келе жатыр. Біз келіндерімізге, қыздырымызға, немере-шөберелерге қазақтың салт-дәстүрін үйретуге тырысамыз. Тек тойлап қана қоймай, үлкенге мейірімділік, бір-бірімізге қайырымдылықты үйрететін мереке.

Ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған аймақ тұрғындары ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдерді Наурызда ғана емес, күнделікті киеді. Әр жасқа лайықты өзіндік ерекшелігі де бар.

Асыл Ақмолдина, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Зер салып тіккен бешпетті бізде «зер бешпет» деп атайды. Оның қапсырмасы болады. Әсіресе зер бешпетті үлкен адамдар киеді. Ал бұл жаңа түскен келінім. Келіндер ақ көйлек, қызыл кәжекей киіп, әдемі орамалдар тартып жүреді. Одан үлкендері қолдан соққан өңіржиек, сырға, білезік салып жүреді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы