379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда 1000 литр наурыз көже пісірілді

  • 209
  • UPD: 12:40, 22.03.2019

Түркістанда Наурыз мерекесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше облыс жұртшылығы ұлыстың ұлы күнін кең ауқымда тойласа, бүгін қала халқы атап өтеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына тігілген ақшаңқан киіз үйлер мерекенің ажарын ашып, сән-салтанат беріп тұр.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Түркістандықтар бүгін ұлыс күнін тойлауды таңертеңнен бастап кетті. Бүгін күн кешегіндей емес, ауа райы да тамылжып тұр. Табиғат ана да ерекше нұрын төгіп, көктем мерекесінің шырайын кіргізуде.

Қазір орталықтағы Есімхан алаңында мерекелік шаралар қызып жатыр. Кесене маңындағы ақшаңқан киіз үйлер тігілген этноауылда да наурыз думанның көрігі қызған. Мерекелік шараға жиналған халық алдымен Есімхан алаңында тіршіліктің бастуы – көктемнің көрінісіне арналған «Наурыз думан» театрландырылған қойылымын тамашалады. Одан кейін түркі халықтарының «Наурыз» керуені орталық көше бойымен жүріп өтіп, этноауылға келеді. Сән-салтанаты жарасқан, сал-серілерден құралған керуен халыққа Наурыз мерекесінің келгенін паш етті. Жалпы Наурыз бүкіл шығыс халықтарына ортақ мереке болғандықтан, барлық ұлттың өкілдері тойлап жатыр.

Қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар наурыз-думанның ажарын ашып, салтанатына сән берді.

Бүгін наурыз мерекесі Түркістан қаласынан бөлек, облыстың барлық аудан-қалаларында да кеңінен тойланып жатыр. Өңірлердегі саябақтар мен алаңдарда және арбаттар да мерекелік бағдарламалар жалғасып жатыр. Жалпы наурыз мерекесін еліміз алғаш 1988 жылдан бастап ресми түрде атап өте бастады.

Облыс тұрғындары мен қала қонақтары наурыз көже, палау сияқты тағамдарды тегін ішіп-жеп, алғыстарын айтты. Қалалық мәдениет бөлімі мамандарының айтуынша, мың литрге жуық наурыз көже, 2 тонна палау мен бауырсақ пісіріліп, халыққа тегін таратылып жатыр.

Одан бөлек, Арбат алаңында түркітілдес халықтардың қолөнер шеберлері жасаған түрлі ұлттық бұйымдардың, суретшілердің және ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылды. Айта кетейік, Түркістан облысында көктем мерекесі 14 наурыздан басталды. Әр күнге әр түрлі ат беріліп, мағыналы әрі мазмұнды іс-шаралар мен жалпы халықтық серуендер өтті. Көшеттер отырғызылып, қаланы көркейту жұмыстары жанданды. Ұлттық киім мен дәстүрлі ән-күйлеріміз кеңінен насихатталды.

Хабар 24 телеарнасы