384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында 100 оқушы бір мезетте «Наурыз» биін биледі

  • 703
  • UPD: 16:23, 22.03.2019

Наурызды Сыр елі де дүбірлі тоймен көмкерді.

Əсіресе Қаратаудың етегіндегі Бесарық мекені күн мен түннің теңескен сəтін жақсы ырым-жоралғымен бастауды үзілмес үрдіс еткен.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Қазанын қайнатып, дастарханын жайнатып қойған ағайын жаңа күнді жарқын көңілмен қарсы алды. Күн ұясынан шыққан бойда ауыл жұрты төс қағысып, арқа-жарқа. Қаратаудың етегінде орын тепкендіктен бе, бұл маңның табиғаты тамаша. Оның үстіне бүгін күннің көзі де күлімдеп қоя берді. Тамылжыған табиғат аясында бір мезетте 100 оқушы «Наурыз» биін биледі. Ауылдың алты ауызынан əжелер ансамблі де қалыс қалған жоқ. Аға буын да жастарға өнеге көрсетуді жөн санапты. 50 мен 60 жас аралығындағы ауыл азаматтары қашықтыққа жүгіріп жарысты. Теңге ілу, аударыспақ, көкпар секілді ойын түрлерінен өнер көрсетті. Ұлттық нақыштағы ұлық мерекеде қаз-қаз басқан бүлдіршіндердің тұсауын кесу рəсімін өткізіп жатыр екен. Бұл да той-тойға ұлассын деген ізгі ниеттен туса керек.

«Ұлыс күні қазан толса, сол жылы ақ мол болар» деген. 600 адамға арнап дастархан жайылып, қазан-қазан наурыз көже таратылады.

Сыр өңіріндегі Бесарық ауылында Наурыз тойы осылай басталды. Негізгі концерттік бағдарлама үлкен сахнада жалғасын табатын болады.

Хабар 24 телеарнасы