384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында Наурыз мейрамы аудандарда кеңінен тойланып жатыр

  • 815
  • UPD: 22:09, 22.03.2019
Жамбыл облысында Наурыз мейрамы аудандарда кеңінен тойланып жатыр

Облыстың 10 ауданында ұлттық ойындар, концерттік бағдарламалар жалпы саны 500-ге тарта іс-шара өтті.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Армысыздар! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!  Наурызға ауылдық ағайын ерекше дайындалған. Таңертеңнен бері жергілікті жұрт орталық стадионға жиналып, түрлі мерекелік шараларға қатысып, думандатып, тойлауда. Жалпы мұнда мереке кезең-кезеңімен өтіп жатыр.

Түске дейін Аса ауылында киіз үйлер, шатыр тігіліп мол дастархан жайылды. Мерекеге екі мыңға жуық халық жиналды. Жүздеген өнерпаздардың қатысумен мейрамға арнап, концерттік бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар, ұлттық спорттық ойындар өткізілді. Тұрғындар мен келген қонақтарға Наурыз көже мен палау тонна-тоннасымен пісіріліп, шара-шара бауырсақ таратылды. Шашу шашылып, би билеп, ауданда тұратын түрлі ұлт өкілдері ақ жарма тілектерін білдірді. Құда түсу, келін түсіру, тұсау кесу секілді қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Ал ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, думанның көркін қыздырған өнерпаздардың әнін тыңдады. Халықтың жүзінен мерекені сезініп жүргендіктерін байқауға болады.

Ғани Мәтебаев, әнші:

- Ал дәл қазір біз Өрнек ауылына келдік. Наурыз мейрамы осында жалғасып жатыр. Мұнда ұлттық ат спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылған. Қазір ауданның шабандоздары, жалпы көкпар десе, делебесі қозатын жұрт осында жүр.

Көкпар жарысы аудандық деңгейде өтіп жатыр. Оған 17 ауылдық округтен  8 команда келді. Ұлттық ойынға тақымы тастай, білекті әрі жүректі жігіттер жиналған. Мұндай спорттық кездесулер Жамбыл жерінде жиі өткізіледі. Бұл ірі жарыстар алында шабандоздардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік беретін сын дейді көкпар мамандары. Бастысы жұрт мәре-сәре.

Нұрдәулет Момынов, «Әулиеата» ұлттық ат спорты клубының директоры:

- Бұл Жамбыл ауданында өткен мейрамның бір көрінісі ғана. Өзге аудандарда да бүгін жыл басы Наурыз мерекесін жоғарғы деңгейде атап өтіп жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы