Өңірде соңғы 2 жылда мектепке дейінгі 36 мекеме ашылды.
Оның үштен бір бөлігінен астамы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында жұмыс істеп жатыр.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған балабақшаларда қосымша мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтсақ, робототехника үйірмесі, денсаулыққа пайдалы тұз бөлмелері мен спорт секциялары бар. Бұл өз кезегінде балабақшалар арасында бәсекелістікпен қатар ата-аналардың таңдау жасауына жол ашады.
Айгүл Аркүйева, ата-ана:
- Барлығы қарастырылған, жан-жақты балалар даму үшін, рухани жаңғыру үшін, демалу үшін, білім мен тәрбие алу үшін, баланың дамуына жан-жақты барлығы жасалған.
Көп балалы ана Гүлнәр Смаилова мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасының көмегімен 4 мектепке дейінгі мекеме ашқан. Әрқайсысы 350 орындық. Осының арқасында 200-ден астам адам жұмыспен қамтылды.
Гүлнар Смаилова, құрылтайшы:
- Біз жеке тұлғалардың меншігінде болған ескі балабақшаларды сатып алдық. Әрине, ол кезде жартылай қираған ғимарат болды. Банктен несие алып, оған қоса мемлекеттік қолдаумен кепілдігімізде болды. Қазір барлық балабақшалар 100 пайыз іске қосылды.
Жеке балабақшаға ата-аналар ай сайын 11 мың теңге төлейді. Кәсіпкерлерге қалған шығынды мемлекет өтеп береді. Соңғы жылдарда мұндай мекемелердің саны 3 есеге артқан. Биыл тағы 20 балабақша ашылады деп күтілуде.
Бақтыгүл Әдекенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 10 балабақшаның құрылысына бюджеттен 8 млрд теңге қажет болушы еді. Бір балабақшаның құрылысына 2 жылдай уақыт кетеді. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тапсырыстың көлемін 17 мыңнан 26 мың теңгеге дейін ұлғайтты.
Қазір 3 пен 6 жас аралығындағы балаларға балабақшада орын тапшылығы жоқ. Ал 1 және 2 жастағы бүлдіршіндер әзірге тек 65 пайызға ғана қамтылған. Сондықтан қазіргі таңда шенеуніктер мен кәсіпкерлер кіші топтарды ашу мәселесін қолға алып жатыр.
Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов