379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспий жағалауы туристік орталыққа айналады

  • 178
  • UPD: 10:25, 23.03.2019

Ақтау алдағы 5 жылда теңіз жағасында орналасқан портты қала ғана емес, мыңдаған саяхатшы келетін туристік орталыққа айналмақ. 

Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы жазда аймаққа жасаған сапарында жергілікті билікке жағажай туризмін дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай арнайы бағдарлама қабылданып, 60 шақырым жерге инфрақұрылым жүргізілмек. Биылдан бастап жаңа қонақүйлер салына бастайды. 2025 жылға дейін қарт Каспийдің жағасында отандық және шетелдік саяхаттаушылар үшін 45 қонақүй бой көтереді.

Елбасы былтырғы сапарында жағалауда орналасқан демалыс орындарына барып, Каспийдің мөлдір суы мен жұмсақ құмына демалып жатқан тынығушылармен жүздескен еді. Сол кездесуде аймақта жағажай туризімін дамытудың маңызды екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті:

- 4-5 ай жылы болады бұл жерде. Өзіміздің туризм өлкелері, алдында Алакөлде болдық, Балқашта, Бурабайда болдық. Ендігі дамытатынымыз өз теңізіміз болады. Ешкімнен кем емес, тап-таза. Туркияның Антальясынан кем емес, бірақ жақсы қонақүйлер, жататын жерлер, демалатын орындар бар болса, керемет болады. Ақтауға жақын. Жол салып, осыны дамытуымыз керек. Болашақта туризм орталығы болады. 

Қарт Каспийдің туристік әлеуеті зор. Жағажайда орналасқан демалыс орындары жаз бойы жұмыс істейді. Осы саланың болашағын пайымдаған Елбасы курортты аймақты дамытуды тапсырды. Маңғыстау Қазақстандағы ең үздік туристік орындарының ондығына кірді. Бірнеше жылдан кейін Ақтаудан Құрыққа дейінгі 60 шақырым жағалау танымастай өзгермек. Мұнда жанға жайлы қонақүйлер мен абаттандырылған жағажайлар пайда болады. 

Өркен Бисақаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда туризмді дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама жасақталып, бекітілу үстінде. Бағдарламада инженерлік-көліктік инфрақұрылымдарды дамыту және қонақүй кешендерінің құрылысын салу үшін жеке инвестицияларды тарту жұмыстары қарастырылған. Бүгінгі таңда жергілікті бюджет қаражаты есебінен су, электр, газ желілерін және курорттық аймақтың көлік автожолдарының құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жалпы жобалардың құны – 27,9 миллиард теңге. Оның ішінде 20 млрд теңгесі 2019 жылы республикалық бюджеті есебінен қарастырылған.

Саяхаттаушыларды жағажайдағы демалыспен қатар аймақтың мәдени-тарихи ескерткіштері мен жерасты мешіттері де қызықтырады. Былтыр өңірге 200 мыңнан астам адам демалуға келген. 7 жылдан кейін олардың саны 750 мыңға дейін өсуі мүмкін. Бұл салаға 60-тан 150 миллиард теңгеге дейін жеке инвестиция құйылады.

Жібек Сырлыбаева, туризм сарапшысы:

- Жағажай туризмін дамытатын болсақ, Маңғыстауда мүмкіндіктер өте көп. Мен Түркия елінде тәжірибеден өткем, 3 ай туристік маусым болып саналады. Осы уақытта мен Түркияда қандай жақсы жұмыстар жасалғанын өз көзіммен көріп, өзімнің ойыма түйіп келген нәрселерім өте көп. Тек қана теңіздің арқасында ол ел өзінің экономикасын, дәрежесін бір сатыға көтерді деп айтуға болады. Туризмді дамыту арқылы тек Маңғыстауда емес, бүкіл Қазақстан бойынша шағын және орта бизнесті дамыту мүмкіндіктері көбейеді деп айтуға болады. Сонымен қатар туризм саласында білім алушы жастардың саны өте көп. Сол жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табады деп ойлаймын.

Міне, мына жағалауды былтыр аймаққа жасаған сапарында Елбасының өзі ашып, дәл осы жерде халықпен кездескен болатын. Сонда болашақта Ақтау Қазақстанның Антальясына айналатынын айтып, жергілікті билікке осы саланы дамытуды тапсырған еді. Бір жыл ішінде бірнеше шақырым жағалау абаттандырылып, қарт Каспийдің жағасы құлпыра түсті. Аңыздар алаңы, алып дала сахнасы бой көтеріп, мынадай биікті 11 метрлік жасанды пальмалар орнатылып жатыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы