379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы ботаникалық бақ түрленіп келеді

  • 137
  • UPD: 10:26, 23.03.2019

Көктемгі құлпырған даладай Алматыдағы Ботаникалық бақ та жыл сайын жаңарып, түрленіп келеді.

Сан алуан өсімдіктер мен ағаштар өсетін бақта биыл жаңарту жұмыстары қарқынды жүрмек.

Алматының ботаникалық бағы 1932 жылы ашылды. Содан бері бұл саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны саналады. Жанға сая, тәнге рахат сыйлар бақта биоалуан өсімдіктер, жұпар аңқыған гүлдер мен ағаштардың да жүздеген түрі өседі. Ал биолог-ботаник ғалымдар үшін бұл – ғылыми жұмыстарды іске асыратын таптырмас орын. 

Светлана Набиева, ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері:  

- Саябақта әлемнің барлық құрлығында өсетін өсімдіктер бар. Біз олардың тамырланып, жайқалып өсуіне, жалпы жерсінуіне қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Бұл ғылыми жұмыс.

Соңғы жылдары саябақ аумағын көгалдандыру мен аббаттандыру жұмыстары іске асып келеді. Жыл сайын өзге құрлықтардан әкелінген өсімдіктер мен ағаштар егіледі. Биыл мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде бақта жаңа суару жүйесі жасалып, арық арналары қалыпқа келтіріледі. 

Марат Айтмағамбетов, жеке қор иесі:

- Саябақтағы 15 гектар жер өзгеріске ұшырайды. Ол негізінен адамдар жиі демалатын орындар. Сонымен қатар баққа кіріп шығатын үш қақпа болады.

Жалпы ботаникалық бақтардың басты мақсаты – жаңа өсімдік түрлерін ашу, оларды кешенді зерттеу. Елімізде азайып бара жатқан, жойылу қаупі төнген өсімдіктерді қолдан өсіріп көбейту. Елімізде табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты осындай 6 ботаникалық бақ бар. Олар Ақтау, Маңғыстау, Жезқазған, Алтай және Балқаш өңірлерінде орналасқан.

Авторлары: Алмас Садуақас, Владимир Бовкис, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы