389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Наурыз мейрамы Сеулде тойланды

  • 642
  • UPD: 12:28, 23.03.2019

Ұлыстың ұлы күніне орай «Корея-Орталық Азия» ынтымақтастық форумының хатшылығы фестиваль ұйымдастырды.

Бес мемлекет өкілдері бір ай бойы оңтүстіккореялықтарды өз мәдениетімен таныстырады.

Домбыраның үнін ғана емес, тілін, ділін сағынған Оңтүстік Кореядағы қазақ диаспорасының өкілдері және студенттер Сеулдегі дәмханалардың бірінде бас қосты. Мерекелік дастарханды өздері жайып, дайындап әкелген ас-суларын қойды. Негізінен қазақтың ұлттық тағамына басымдық берілді. Бір-бірін Наурызбен құттықтады, күй тартылып, ән шырқалды.

Рахат Байманұлы, студент:

- Мен үшін Наурыз мейрамы – отбасылық мейрам. Екіншіден, мемлекеттік мейрам. Өз дәстүрімізді ұмытпауымыз керек. Және де Наурыз деген мейрамымыз ең бірінші орында тұруы керек.

Алина Әкілбекова, студент:

- Наурыз – Қазақстандағы басты мерекелердің бірі. Мен осылай жиналғанымызға қуаныштымын. Өзімді елде жүргендей сезініп отырмын.

Ал «Корея-Орталық Азия» форумы хатшылығының галереясында Наурызға арналған көрме өтуде. Мұнда қазақ ұлтының тарихы мен бүгінін паш ететін бұйымдар да қойылған. Әрі қазақ ертегілерімен танысуға болады. Көрме аралауға келгендер тіпті киіз үйге кіріп, безендірілуін көріп, дастарханнан дәм тата алады.  

Ким Сон Ин, «Корея-Орталық Азия» ынтымақтастық форумы хатшылығының атқарушы директоры:

- Біз үшін Наурыз мейрамын ұйымдастыру үлкен мәртебе. Наурыз жыл басталды, көктем келді деген мағынаны білдіреді. Ұлы Жібек жолында орналасқан және ұйымымызға мүше мемлекеттер үшін осы күннің  мағынасы зор. Сондықтан біз Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениеттін паш еттік. Мен наурыз көженің дәмін көрдім. Ол қымызбен бірге кореялық дәстүрлі сусын макколиге ұқсайды екен.  

Осы галереяда бір ай бойы қазақстандық дизайнерлердің көрмесі және киноапталығы өтеді. Наурыз мерекесіне арналған шаралар Сеул орталығында аяқталады. Ел астанасында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді және қазақ ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтеді. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы