379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франциядағы қазақтар Наурыз мерекесін қалай атап өтті?

  • 336
  • UPD: 18:14, 23.03.2019

Наурыз мерекесін бүгінде тек қазақстандықтар ғана емес, әлем халқы да кең көлемде атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн мен түн теңелген, жаңа жылдың бастауы болған мейрамды мәселен Франция жұрты ерекше ықыласпен атап өтті.

Франциядағы қазақ диаспорасы әрі үш жолақты елге келген бауырларымыз Абдулсамет Алтайдың үйіне соқпай кетпейді. Өйткені олар үшін осы шаңырақ – құтты мекен. Қазақ даласын аңсағандар, мұрасын сағынғандар тәуелсіз елдің байрағына тәу етіп, домбыра тартып, ұлттық киімдері қызықтап, түрлі жәдігерлерге құрметпен қарайды. Пәкістанда туып, Түркияда өскен Абдулсамет аға 30 жыл бұрын Францияға қоныс аударған. «Бірақ түп отаным – Қазақстан», – дейді.

Бүгін Наурыз меркесіне орай жайылған дастарханға Парижге таңсық тағамдар қазы-қарта қойылған. Шекара асып келген асқа тәбеті тартқандар ата мекеннен сыбаға келгендей шаттанды. Сары даладан табақ тартылғандай күй кешті. 

Нагигүл Бейсембина, мейрам қонағы:

– Қазақтың қолдан тігілген заттары, қазақ тағамдарының барлығы ұмытылмаған. Қазір Парижде отырсақ та, Қазақстанда отырғандай сезініп отырмыз.

Кеңес дәуірі кезінде Наурыз мейрамын Қазақстанда да, Түркияда да тойланған жоқ. Бірақ Абдулсамет Алтай әлгі шектеулерге қарамастан, көктем мерекесін атап өтіп келген. 

Абдулсамет Алтай, Франциядағы қазақ диаспорасының өкілі:

– Бала күнімізден білеміз. 1953-1954 жылдары Түркияға қазақтар көшіп келді. Сол жерде тұрғандар жақсы біледі. Үлкен аталарымыз елді жинап, таудың етегіндегі сайға барып, сол жерде мал сойып, ет асып, наурыз көже дайындап, күрес, бәйге болады. Сондай мерекені бала күнімізден көріп келе жатырмыз. Кейін үзіліс болып қалды.

Францияда ең үлкен диаспора Парижде. Мұнда Түркиядан қоныс аударған 300 қазақ отбасы бар. Олар әдетте ұлыстың ұлы күні Наурызды үйлерінде қарсы алады.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы