389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау халқы ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевті ақтық сапарға шығарып салды

  • 1232
  • UPD: 22:27, 23.03.2019

Бүгін Атырау жұртшылығы ержүрек ұлы, қалалық полиция басқармасының сержанты Шалқар Ақымғалиевты ақтық сапарға шығарып салды.

Ол суға батып бара жатқан әйелді құтқару үшін ойланбастан өзенге секіріп, мерт болды. Ал әйелдің өзі аман қалды. Шалқар мұзы жаңа еріп жатқан Жайықтың жағасына жете алмады.

Ақымғалиевтар отбасы үшін ауыр қайғы әкелген, күллі облыс жұртшылығының қабырғасына батқан қаралы күн туралы рет-ретімен баяндасақ, 21 наурыз күні қала тұрғыны Райымбек Сарбалин Жайық жағалауында серуендеп жүрген. Өзін биіктен тастап жіберген әйелді көріп, бірден 102-ге хабарласыпты. «Дереу жеткен полицей жанқиярлықпен әрекет етті», – дейді, куәгер жігіт.

Райымбек Сарбалин, куәгер:

– Қатты дауыс шықты, көпірдің астына бара берген кезде адамның көпірден секіргенін байқадық. Сол арада полиция қызметтік көлігі өтіп бара жатқан, соны тоқтаттық. Сол жерде екі полиция қызметкері шығып, ойланбастан суға батып бара жатқан адамға көмектесуге ұмтылды. 

Әуесқой түсірілген бейнежазбада марқұм Шалқар Ақымғалиевтің мұздай суға сүңгіп кеткенін көруге болады. Өкініштісі сол, бұл ержүрек азаматтың соңғы көмегі еді. Өзеннен өзі емес мүрдесі шықты. Сол бір сұмдық сәтті Шалқардың жұмыстас серігі Рүстембек Сүндетов қинала еске алады.

Рүстембек Сүндетов, Шалқардың серігі:

– Шалқар батып бара жатқан қызға қарай сүңгіп кетті. Мен де көмегім тиіп қалар деп шешініп артынан ілестім. Ортаға жете бергенде, Шалқардың ағыспен суға кетіп бара жатқанын көрдім. Жете бергенде Шалқар жоқ болып кетті. Шамалыдан кейін құтқару қызметкерлері келіп, қайығымен шығарып алды. Мен Шалқарды таба алмаған соң жағаға кері жүзіп келдім.

Өзі де ажал аузынан қалған Рүстембек әлі күнге қарулас досынан мәңгіге айырылып қалғанына сене алмайды. Олар бір экипажда 5 жылдан аса қоян-қолтық қызмет етіпті. Талай қиын кездерді бастан өткізіп, бір-бірін демеп келген. Енді сол сенімді серігі жоқ. Атырау жұртшылығы 3 күн бойы Шалқар қаза тапқан жерге келіп, гүл шоқтарын қойып жатыр.

Абай Төребаев, Шалқардың сыныптас досы:

– 9 жылдық мектепте, колледжде бірге оқып, бірге жұмыс жасадық. Бір нанды бөліп жеген бала болатын. Шалқар өте ақкөңіл бала.

Ләззат Бахитова, Береке орта мектебінің директоры:

– Мектепте алғырлығымен, әсіресе, жаратылыстану бағытындағы пәндерге қатты қызығушылық таныта білді. Олимпиадалық жарыстарға барып, жүлделі болды.

Шалқар отбасының асыраушысы, жеті балалы жалғызілікті анасының қамқоры болатын. Ол өзінен кейінгі бауырларын қамқорлығына алған. Бүгін қаралы отбасының қайғысына ортақтасып, қарулас достарымен қоштасуға келген жұмыстастары қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын айтады.

Аян Дүйсенбаев, облыстық полиция департаментінің басшысы:

– Қазір маған оңай тиіп тұрған жоқ.Мен өзімнің жас жауынгерімді жерлеуге келіп тұрмын. Бір күндік жалақымыз осы жігіттің анасының есеп шотына аударылады.

Сын сағатта сындарлы шешім қабылдап, өзгенің өміріне араша түсетіндерді «ержүрек батыр» деп жатамыз. Рас солай. Оларды уақыттың өзі туғызады. Шалқар сол сәтте солардың қатарынан табылды. Осылайша қыршын жас өз басын бәйгеге тіге тұрып, бір өмірді құтқарып қалды. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы