376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында білім беру үрдістерін цифрландыру жемісін беруде

  • 120
  • UPD: 10:38, 25.03.2019

Былтырғы жылы Ертіс өңірінде «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында білім беру үрдістерін автоматтандырудың 10-ға жуық жобасы пилоттық режимде іске қосылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, мемлекеттік бағдарлама нақты нәтиже берді. Қазіргі уақытта ілкімді жобалардың игілігін аймақтағы мектеп және балабақша ұжымдарымен қатар, ата-аналар қауымы көруде.

Былтыр өңірде осындай 52 заманауи мұғалім бөлмесі ашылған. Енді бума-бума қағаз, сынып журналын арқалап жүрген ұстазды көрмейміз. Білім беруге қажет бағдарламалар мен құралдардың барлығы біріктірілген және ғаламторда қолжетімді. Нәтижесінде педагогтардың жүктемесі 40%, сынып журналдарына жұмсалатын қаражат 10% азайған. 

Жанар Жақсылықова, №16 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Білім беру бағдарламаларының барлығы сандық форматта. Бұл жобаның арқасында ең бастысы уақыт үнемдеп, ғылыми педагогикалық іспе айналысуға көп уақыт жұмсай бастадық.

Павлодар облысы білім беру үрдісіне жаңа цифрлық технологияларды енгізудің пилоттық алаңына айналды. Мәселен, «Электронды балабақша» бағдарламасы сәбилерді мектепке дейінгі білім беру мекемесіне ғаламтор арқылы қабылдауға арналған.

Қуаныш Қыдыралин, қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бұл жүйе арқылы балабақшаға енгізе алады, яғни кезекке қоя алады. Екіншіден, қандай балалар немесе тағы да қандай білім беру орындары бар екендігін көруге мүмкіндік бар. Бүгінгі күні 16 мыңнан астам тәрбиеленуші, яғни бала кезекке қойылды, оның ішінде 66 балаға орындар бөлінді.

Бүгінде бағдарлама қаланың 100 балабақшасы үшін қолжетімді. Бұл жүйеге мемлекеттік мәліметтер базасы енгізілді.

Руслан Көпжасаров, бағдарлама әзірлеушісі:

– Мақсат – ашықтықты қамтамасыз ету, яғни әр ата-ана баласы үшін сапалы білім беру ұйымын таңдай алады. Нәтижесінде балабақшалар арасында адал бәсеке қалыптасады. Ата-аналар қағаз құжаттарды жинап сабылмайды. Бәрі оңай әрі тиімді.

Алдағы уақытта «Электронды балабақша» бағдарламасы облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарын қамтымақ. Ал заманауи мұғалімдер бөлмелері өңірдің барлық 350-ден астам мектебінде ашылмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы