379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық көп балалы аналар қайта тіркеуден өтіп жатыр

  • 233
  • UPD: 13:53, 25.03.2019

Шығысқазақстандық көп балалы аналар «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында қайта тіркеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың көпшілігін баспана, мектептердегі тегін тамақ, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері мазалайды. Өз ісін бастаймын деген аналарға жеңілдетілген несиелер мен гранттар алудың жолы түсіндірілді. Жарма ауданында биыл атаулы әлеуметтік көмек үшін бөлінетін қаражат көлемі үш жарым есеге артып, 297 миллион теңгеге жеткен.

Анар мен Нұрымжан Ермұхамбетовтер Бесқарағай ауданының Қоянбай ауылында тұрады. Отбасында 6 бала өсіріп, 4 немере сүйген. Кенжелері 2-сыныпта оқиды. Екеуі де еңбек етеді, қосалқы шаруашылықтары бар. Ауылдағы жоқ жітікке қол ұшын созып көмектесіп тұрады, бұл отбасын жерлестері үлгі етеді. Ал Анар мен Нұрымжанның өмірлік басты ұстанымдары – балалы үй базар.

Ал Жарма ауданында мың жарымнан астам көпб алалы отбасы бар екен. Олардың 150-ге жуығы көмекке мұқтаж. Қазір жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасының ерекшеліктері жан-жақты түсіндіріліп жатыр.

Анар Отынбаева, көп балалы ана:

– Бізге мемлекет тарапынан грант беріледі. Соған өзім жабдық сатып алады екенмін. Бұл кісілер бизнес жобасын жасауға өздері көмектеседі. Сонымен біз әрі қарай өзіміздің бизнесімізді жасауға болады.

Сергей Брынзов, Жарма аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі:

–Бүгінгі күні өз кәсібін ашуға 4 ана тілек білдіріп тіркелді. Оларды тек тіркеп қана қоймай, «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы оқытып, жобаларын дайындап, гранттарын рәсімдеуге жан-жақты қолдау білдіреміз. Яғни заңдық, қаржылық жағынан толық қамқорлық көрсетіледі.

Шығыс Қазақстан облысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау шаралары жергілікті бюджет есебінен де жалғаса бермекші. Алдағы оқу жылында аймақтағы көмекке мұқтаж 33 582 оқушыға тегін мектеп формасы беріледі. Осы мақсатта облыс қазынасынан қосымша 500 миллион теңге бөлінбек.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы