377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық аспап жасаумен айналысатын алматылық азаматтар шеберлердің басын қосатын орталық ашпақ

  • 163
  • UPD: 15:36, 25.03.2019

Ұлттық аспаптарды жасау ісі – қазақтың атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсібі.

Елімізде бабалар ізін жалғастырып жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі – Нұркен мен Қуаныш. Қазақтың қара домбырасынан бастап, саз аспаптарының барлық түрін жасап жүр.

Сегіз қырлы бір сырлы Нұркен Молдасан мен Қуаныш Біләлұлының шағын шеберхана ашып, бабалар мұрасын жалғап жүргендеріне  4 жыл болыпты. Шеберліктің шегі болушы ма еді?! Алғашында қоңыр үнді домбыраны ғана жасап жүрген жігіттер қазір саз аспаптарын да қолға алған.

Нұркен Молдасан, шебер:

– Ұлттық аспаптардың бәрін жасаймыз. Ұрмалы, үрмелі аспаптар да жасаймыз.

Темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін жігіттердің алтын қолынан шыққан аспаптарды қазіргі таңда үлкен сахналарда, есімі елге таныс әнші жыршылардыңда қолынан көруге болады. Міне тағы бір тапсырыспен жасалған домбыра дайын болды.

Нұркен мен Қуанышқа да бұл өнер ата-бабасынан дарыған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінде дәріс алған шеберлердің алдағы уақыттада үлкен жоспарлары бар. Еңбек ептілікті сүйеді емес пе? Қорқыттың қобызын жасауға машықтанған Қуаныш бұл кәсіп тек ерінбегендердің ғана қолынан келетінін айтады.

Қуаныш Біләлұлы, шебер:

– Талант адамның бойында бір пайыз болса, ол жеткілікті дейді Ал оны әрі қарай дамыту еңбегіңнің нәтижесі болмақ. Қазіргі кезде мемлекетімізде мүмкіндік көп. Қолөнерге деген сұранысымыз да күннен күнге артып жатыр.

Екі шебердің жұмысын көпшілікке таныстырып, халқымыздың ұлттық мұрасын түркі әлеміне таратуды көздеп жүрген достары Әлібек Әлікен де осы Жастар жылында үлкен жобаны қолға алып отырғанын жеткізді.

Әлібек Әлікен, үйлестіруші:

– Мысалы балаға кішкентай кезінен ойыншықтар арқылы тәрбие беруге болады. Бірақ ойыншықтар қандай сапада? Таза табиғи өнім ағаштан жасалған рухани жағынан қазақтың тарихымен үндесіп жатқан ойыншықтарды жасап шығарып, сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. 

Болашақта үлкен орталық ашып, жас шеберлердің басын қоссақ деген де жоспарлары бар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы