384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалықтар қандай су ішіп жүр?

  • 635
  • UPD: 15:32, 26.03.2019

Тұнық па, лай ма? Сапасы сын көтере ме? Тіршілік нәрі дейтін басты сусынның сапасын қадағалайтын кім?

Осы тұста мына бір деректі алға тартайық. Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы орталықтандырылған су құбырлары ескірген. Мамандар құбырлардағы су эпидемиялық маңызға ие нысан саналатынын әрі қоғамдық денсаулық сақтау органдарымен қадағаланатынын жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, орталықандырылған су 5 процентке дейін арнайы нормативке сай болуы тиіс. Елордадағы ахуал қандай?

Елордалықтарды өздері қолданып отырған судың сапасы мазалайды. Қақ пен кермек мүлкін бүлдіргендер осылай налуда. Ал Отабек Сприевті екі баласының денсаулығы алаңдатады. Себебі, олардың ішіп отырған суы мөлдір емес, лайлы. Дәмі де ащылау.

Отабек Сприев, қала тұрғыны:

- Су құрамында хлор көп. Аппақ болып тұр, міне. Кейде қақ суды қолданамыз. Ақша шығарып, арнайы сүзгіш те алдық. Былай қарасаң, шығын екі еселеніп отыр. Бұл жағдайға құбырлардың ескіруі себеп деп ойлаймын. Бірақ суды осы күйінде ішу мүмкін емес.

Отабектің күмәні орынды. Бүгінде елордадан бөлек Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында бүйрек ауруы белең алып тұр. Мамандар ішіп отырған ауызсудың тазалығына мән беру керек дейді.

Үйдегі судың сапасына күмән келтіретін елордалықтардың дені фильтрленген суды пайдалануға тырысады. Ал мынадай аппараттағы тіршілік нәрінің 90 проценті орталықтандырылған жүйеден алынады. Оның сапасы мен қауіпсіздігі екіталай. Мамандардың айтуынша, фильтр 90-ына бір мәрте ауыстырылып тұруы тиіс. Ал кәсіпкерлердің жауапкершілігі қандай? Ол да бір сұраулы мәселе.

Яғни арнайы сүзгіден өткен судың ешқандай пайдасы жоқ. Керісінше, құбырдағы суды қолданғандар озады. Себебі, мұндай тіршілік нәрінің сапасы әлемдік нормативке сай. 3-4,5 процент деңгейінде. 5 проценттен асса, су ішуге жарамсыз.

Марал Рахимжанова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті санитарлық-гигиеналық қадағалау басқармасының басшысы:

- Қала, облыс орталықтарындағы су сапалы әрі микробиологиялық, санитарлы-химиялық талаптар бойынша арнайы органдардың бақылауында. Көрсетілген норматив талаптарына сай. Тек күз-көктемде еріген қар суы араласпас кетпес үшін хлорлануы мүмкін. Сондықтан краннан алынған суды сәл тұндырып алыңыз. Ал сатып алсаңыз, арнайы құжаттарды талап етіңіз. Декларациялануы керек. Құтыда калий, магний болуы керек. Ал тұзсыз суды тұтыну жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсерін тигізеді.

Бүгінде елімізде 200-ден аса минералды су шығаратын кәсіпорын бар. Елдегі сынақ зертханаларында жыл сайын 240 мыңға жуық сараптама жүргізіледі. Әрі тіршілік көзінің сапасын арттыруға ден қойылып келеді. Елордалықтар да су сапасының артарынан үмітті.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы