377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапондар Орталық Азияның ұлттық тағамдарынан дәм татты

  • 306
  • UPD: 15:30, 26.03.2019

Жапонияда Наурыз кезінде ерекше бір шара өтті.

Биыл мерекелік шара кезінде Орталық Азия елдерінің ұлттық тағамдары басты назарда болды. Аспаздық туризм саяхаттауды жақсы көретін жапондықтар арасында кеңінен тараған.

«Орталық Азияның дәмін тат!» Бұл – Токиодағы мейрамханалардың бірінде өткен фестивальдің ұраны. Шараға жаңа тағамға құмар әрі осы үшін саяхаттауға дайын жергілікті тұрғындар келген. 

Асако Ямада, «Орталық Азияның дәмі» шарасының ұйымдастырушысы:

- Негізгі мақсатымыз – Орталық Азия елдерін Жапонияда таныту. Осыдан екі-үш жыл бұрын осы аймаққа баруға қызыққан адамдар саны аз еді, қазір келушілердің қарасы қалың. Тұсаукесер өткеннен кейін қонақтарымыз бірнеше тағамның дәмін татады. Бұл – палау мен тәттілер.

«Қарның тоқ болса, саяхаттау да рахат», – дейді Юри Такахаши. Сәуір айында Қазақстанға барғысы келетін ол сапар жоспарын қазірден ойластырып жүр.

Юри Такахаши, Токио қаласының тұрғыны:

- Мен бірнеше елді аралап көрмекпін. Оның ішінде Қырғызстан да, Өзбекстан мен Қазақстан да бар. Алматыда бірнеше күн боламын, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып қана қоймай, елдің тарихы туралы көбірек білгім келеді. Әсіресе ұлттық музейге барып, Алтын адамды көргім келеді.

Мисузу Акимура, Токио қаласының тұрғыны:

- Маған Орталық Азияның табиғаты ұнайды. Алғаш рет Қазақстанға барғанымда, әсем таулары мен кең-байтақ даласын көрдім. Сондықтан бұл жолы Алматыға барып, қызғалдақтардың гүлдеуін көргім келеді.

Ал фестивальдің ас мәзірлігі жапон халқының жаңа талғамын ашты. Теңіз өнімдеріне құмар жергілікті жұрт етті де жақсы көреді екен. 23 жастағы Такуро қуырдақтан асап «Бұл шынымен «оишии» екен» («бұл өте дәмді деген сөз!») деп көңілін білдірді.

Такуро Оучи, Студент, Токио қаласының тұрғыны:

- Қазақтың ұлттық тағамдары өте дәмді. Ешбір елдің тағамына ұқсамайды. Қазақстанды қатты сағынып жүрмін. Сәтін салса, 2 сәуірде тағы баруға ниеттеніп жүрмін.

Жалпы, жапондар тамаққа өте талғампаз келеді. Дәмінен бөлек астың өзі көзге де жақсы көрінуі қажет. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандықтар оларды қонақжайлығымен де, бай дастарханымен де таңғалдыратынына сенімді. 

Авторы: Әйгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы