377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысы көктемгі су тасқынына қаншалықты дайын?

  • 127
  • UPD: 20:59, 26.03.2019

Синоптиктердің болжауынша, енді бірер күнде Қарағанды өңірінде күн күрт жылынып, жаңбыр жауады.

Демек қызыл су жүріп, елді мекендерді әбігерге салуы әбден мүмкін. Төтенше жағдай қызметі тасқынның алдын алуға барынша қамданып жатыр. Алайда су қоймаларының жағдайымен танысқан облыс әкімі Ерлан Қошанов кейбір жауапты мамандардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

Мамандардың айтуынша, облыс аумағына жауған қардың 40 пайызы қазір еріп кеткен. Бірақ кей аудандарда дала төсі әлі де ақ мамыққа оранып жатыр. Сондықтан су қоймасына сырттан ағып келетін қызыл судың мөлшерін дөп басып ешкім айта алмай отыр. Ал қазір ең ірі Самарқанд су қоймасынан секундына 35 текше метр су жіберілуде. «Нақты есеп болмаса, ертең сусыз қалуымыз әбден мүмкін», - дейді облыс әкімі. Осыған орай өзен арналарын ғана емес, оларға құяр сағалардағы қар мөлшерін де анықтауды тапсырды.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД басшысы:

– Үлкен су қоймалардан су жіберу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні Самарқанд су қоймасынан 35 куб секундына су шығарылып жатыр. Шерубай-Нұрадан 14 куб секундына су шығуда. Төменгі жақтағы өзеннің бәрі ашық, мұзы жоқ. Ал биік жақтардың бәрін, мұз бар жерлерінде жару жұмыстарын жалғастырып жатырмыз.

Еріген қар суы кедергісіз ағу үшін Қарқаралы ауданындағы ең ірі Ежебай мен Жарлы өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Себебі биыл бұл өңірге қар жылдағыдан 80 процентке көп түскен. Қазір аудан аумағындағы 625 суағардың барлығы тазаланып, көпірлер жаңартылды. Су басу қаупі бар 13 елді мекеннің маңына 24500 шаршы метр бөгет салынған.

Халел Мақсұтов, Қарқаралы ауданының әкімі:

– Су ағарды жаңартып алдық. Егер Матақ елді мекенінің маңында бұрын 1 метрлік труба болатын болса, ол жерге қазір суағарлар қойдық. Егер 1 метрлігіміз секундына 8 текше метр су шығаратын болса, ал қазір секундына 53 текше метр су шығады. Сондықтан биыл ол жерде су болмайды деп өзіміз жоспарлап отырмыз.  

Мамандардың айтуынша, алдағы екі-үш күнде қар күрт еріп, өзендердің ағысы күшейеді. Облыс әкімі жағаға жақын орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігін жіті назарда ұстауды тапсырды. Қазір өңірлерде 7 мың адам жасақталып, 2500-ге жуық техника сақадай сай тұр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы