379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе тұрғындары жаңадан салынған көп қабатты үйлердің сапасына шағымданды

  • 169
  • UPD: 22:26, 26.03.2019

Ақтөбеде қолданысқа берілгеніне 2-3 жыл болған көп қабатты үйдің шатырынан су кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Батыс-2» шағын ауданындағы бұл үйлер мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. Мердігер кәсіпорын кепілдік мерзімінің өтіп кеткенін айтып ақталуда, ал басқарушы компаниялардың күрделі жөндеу жүргізуге шамасы жоқ. Қар ерігенде төбесінен су кеткен тек бұл нысан емес. «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында тағы бір үйдің шатыры сыр берді.

Көктемнің алғашқы жаңбыры жас отбасын әбден әбігерге салды. Бюджет саласының қызметкерлері бұл пәтерді 2013 жылы мемлекеттік бағдарламамен алған. Соңғы 2 жылда шатырынан су кете бастапты. Кіре беріс бөлменің төбесі мен қабырғасы сарғайып, сылағы түскен. Былтыр осы «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданындағы 8 көп қабатты үйдің шатырынан су кетіп, тұрғындары дәл осылай шағымданған болатын. 

Сәния Күздібаева, қала тұрғыны:

– Осылай ағып тұрғанына 2 жыл болды. Шағым түсірдік, жауап жоқ.

Ал «Батыс-2» шағын ауданындағы үйдің салынғанына 5 жыл да болған жоқ. 9 қабатты үйдің төбесінен су ағып, соңғы қабаттағы пәтер тұрғындарынан маза кеткен. Басқарушы компаниялар шарасыздық танытып отыр. Себебі кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен, мердігерді міндеттей алмайды. Өздерінде қажетті қаржы жоқ. Сондықтан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басқа жолдарын іздейді. Ең қызығы, Сәния тұратын үйдің төбесіне былтыр жөндеу жасалыпты.

Ерлан Рамазанов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Соңғы қар еру барысында су кету анықталып отыр. Өткен жылы күрделі жөндеу жұмысын мердігер компания жасағандықтан, бір жылдық кепілдік мерзімі бар, сол себепті биыл сол ақауларды жөндеп, қайта қалпына келтіреді. «Батыс-2й бойынша бұл үй 2015 жылы тапсырылған. Бәрін акт жасап, қағаз жүзінде белгіледік, енді құрылысшы компаниямен кездесіп, шешу жолдарын анықтаймыз.

Түсінгеніміз, жергілікті билік сапасыз үй салған мердігерлермен келісімге келіп, шатырды қайта жөндетпекші. Әйтпесе, тұрғындар өз қаржысына жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болады. Шатырды қайта жабу үшін кемінде 15 млн теңге қажет. Бюджет қызметкерлері үшін бұл – біраз ақша. Мамандардың айтуынша, мәселені шешудің тағы бір жолы бар. Тұрғындар бірігіп, мердігер компанияны сотқа бере алады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы