379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтандағы ірі жол апатынан зардап шеккен әйел аяғынан айырылды

  • 272
  • UPD: 13:16, 27.03.2019
Нұр-Сұлтандағы ірі жол апатынан зардап шеккен әйел аяғынан айырылды

Елорда әкімі мен денсаулық сақтау министрі әр пациенттің қал-жағдайын білді.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше ірі жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен азаматтар ем қабылдап жатқан қалалық №2 көпбейінді ауруханада болып қайтты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Елорда әкімі мен денсаулық сақтау министрі әр пациентке барып, оның хал-жағдайын сұрастырды.

«Тезірек жазылуыңызды тілеймін. Сізге біліктілігі жоғары үздік дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр. Айығыңыз!», – деді Бақыт Сұлтанов.

 

Аурухананың бас дәрігері Иван Лидің айтуына қарағанда, қазір станционарда 13 адам ем қабылдауда. Олардың сегізінің жағдайы орташа (олар травматологиялық бөлімде емделуде). Екі пациент кеуде бөлігінің хирургиясы бөлімінде. Үш адамның жағдайы ауыр. Олар жансақтау бөлімінде жатыр.

«Кеше біз өмірге қауіп төндіретін белгілер бойынша 5 ота жасадық. Бұл өте күрделі операциялардың спектрі болды. Атап айтқанда, ішастар ішіне қан кетуді тоқтату, мелжемделген аяқ-қолдың металлоостеосинтезі, ампутация сияқты оталар. Бір әйелдің аяғына, өкінішке орай, ампутация жасауға мәжбүр болдық», – деп мәлімдеді Иван Ли.

Аурухананың бас дәрігерінің айтуына қарағанда, кейбір пациенттер ұзақ ем қабылдауы керек. Ал енді бірін 7-10 күннен кейін үйіне жібереді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше таңертең Қабанбай батыр даңғылында 3 автобус пен бірнеше жеңіл көліктің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алған болатын. Қала маңына қатынайтын № 303 бағдарлы автобус № 12 бағдарлы автобусты соқтығысқан-ды.

ЖКО-ның нәтижесінде екі адам мерт болып, түрлі жарақат алған 36 адам ауруханаға жатқызылды.

Елорда әкімі апат салдарынан қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, тиісті органдарға оларға және апаттан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

ЖКО-ның себептері анықталып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобустың және жеңіл көліктердің соқтығысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Қала маңы бағдарындағы №303 автобус №12 бағдардағы жолаушылар көлігімен соқтығысты. Осының екпінімен олар №53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды.

Қайғылы оқиғадан екі адам көз жұмып, 36 адам зардап шекті.

Хабар 24 телеарнасы