379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісмендер агроөнеркәсіп кешенін реттеуге арналған заң жобасын мақұлдады

  • 137
  • UPD: 23:53, 27.03.2019

Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ғылыммен айналысатын азаматтарға Үкіметтен субсидия берілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Арнайы заң жобасын бүгін Мәжіліс депуттары мақұлдады. Бірінші оқылымда құпталған жаңа құжат агросалаға қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

Мәжілістің жалпы отырысы. Күн тәртібінде – агроөнеркәсіптік кешенді реттеуге арналған жаңа жобасы. Құжатты Ауыл шаруашылығы министрі таныстырды. Кезінде төменгі палатаның депутаты болған Сапархан Омаров министр ретінде Парламентте алғаш рет баяндама жасады бүгін. Оқып берген заң жобасында жаңашылдық көп. Соның бірі – алдағы уақытта астық қабылдау орындарының қызметінде əкімшілік кедергілер жойылмақ. Элеваторлардың өкілдері жарма мен майлы тұқымдарды қайта өңдеп, өткізе алатын болады.

Екінші мәселе. Балық шаруашылығында қадағалау күшейеді. Балық пен балық өнімдеріндегі көлеңкелі айналымның жолын кесу үшін уәкілетті органдардың тексеріс жүргізудегі құзыреті кеңейтілмек. Заң жобасында зиянкестерге қарсы қолданылатын дəрілердің құнын арзандату ұсынылып отыр.

Хош. Мәжілісте мәлім болған тағы бір жаңалық – елдегі 26 су қоймасы осы күні апатты жағдайда тұр. Жалпы, бізде 1715 гидротехникалық кешен бар. Соның 97 процентінің пайдалануға берілгеніне 25 жылдан асып кеткен. Көктем келсе, сыр беретін бөгеттерді тексеру жұмысы да күшейтілмек. Заң жобасында жаңа норма бар.

Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы қаралып отырған заң жобасында «көпфакторлы зерттеп қарау» ұғымы енгізілген. Бірінші сұрағым, зерттеп қарау қалайша жүргізіледі? Екінші, осы зерттеп қарау гидротехникалық құрылыс жайларының бұзылуы мен елді мекендерді су басу фактісін болғызбауға қаншалықты мүмкіндік береді?

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

- Бұларды тексергенде үш санатқа бөлінген: қауіпті жағдай, қауіпті қиын жағдай және апаттық. Соның бәрін тексеру үшін осыған дейін болмаған «көпфакторлы тексеру» деген ұғымды енгізіп отырмыз.

Қалай дейсіз ғой? Министрдің айтуынша, қазір құзыретті органдар гидротехникалық кешендерді визуалды түрде ғана қадағалайды. Заңға тиісті өзерістер енгізілсе, жан-жақты жүргізілмек. Айталық, гидроқұрылымдардың механизмдері, бөгет айналысындағы жағалау, апатқа себеп болатын барлық тұстар бүге-шүгесіне дейін тексерілмек. Тиісті заң жобасын бүгін Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Енді Сенат қарайды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Арман Ақшабаев, Нұржан Ықыласов

Хабар 24 телеарнасы