379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қаламқас» кенішіндегі апатқа экологтар алаңдаулы

  • 241
  • UPD: 23:52, 27.03.2019

«Қаламқас» кен орнындағы өртті сөндіруге Атыраудан арнайы техникалар жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үш күннен бері әлекке түсіп жатқан мамандар солтүстіктен соққан екпінді жел жығылғанға жұдырық деп отыр. Ал өрттің қашан сөнетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Тәуелсіз экологтар бұл апат қоршаған ортаға зиян келтіреді деп алаңдаулы.

«Қаламқас» кен орнындағы ұңғыманың жанып жатқанына 3 күн болды, өрттің беті қайтар емес. Қазір апат орнында 27 техника мен 100-ге жуық адам тілсіз жаумен күресіп жатыр. Аймақтағы құтқару қызметтерінің басшылары мен құзырлы орган өкілдері де осында. Тәуелсіз эколог Кирилл Осиннің айтуынша, өртті ертерек сөндірмесе, экологияға төнер қауіп күшейе түспек.

Кирилл Осин, «Эко Маңғыстау» ұйымының жетекшісі:

- Әзірге апаттың қоршаған ортаға келтірген шығыны туралы айтуға әлі ерте. Дегенмен қазір су-газ қоспасы аспанға атқылап, жанып жатыр. Бұл дегеніміз, зиянды заттар ауаға тарап, жауын-шашын арқылы сіз бен біздің ағзамызға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Тәуелсіз сарапшының пайымдауынша, мұндай өрт теңізде қайталанатын болса, аймақта аса жойқын экологиялық апаттың туындауы мүмкін.

Кирилл Осин, «Эко Маңғыстау» ұйымының жетекшісі:

- Каспий теңізі – әлемдегі ең ірі жабық су қоймасы. Өзге өзен, теңіздердей мұхитқа барып құймайды. Сондықтан да мұндай апат «Қашағанда» орын алған жағдайда оның қаупі аса зор болады. Оның үстіне әлемде баламасы жоқ кеніштегі мұнай мен газдың қысымы өте жоғары. Мұнай құрамында күкіртті сутегі көп. Газға қарағанда мұнайдың жануы қауіптірек.

Каспий теңізі «Қаламқастағы» апат болған орыннан 4 шақырым қашықта жатыр. «Жағалауға биік бөгеттер орнатылған. Сондықтан да теңізге судың төгілу қаупі төніп тұрған жоқ», – дейді облыстағы Экология департаментінің басшысы.

Руслан Төкенов, Маңғыстау облысының Экология департаментінің басшысы:

- Басты назарға алатын мәселе, ол жерде жерасты суы ғана газ аралас төгілуде. Мұнай төгілу фактілері орын алып отырған жоқ.

Тарихқа көз жүгіртсек, әлемде мұнай-газ кеніштерінің өртке орануы жиі болмаса да бірнеше рет қайталанған. Мәселен, 56 жыл бұрын Өзбекстанда газ ұңғымасындағы өртті сөндіру үшін жер астынан ядролық заряд жарған. Ол кезде ұңғыма 3 жыл бойы жанып тұрған. Ал өткен ғасырдың 80-жылдары Атыраудағы «Теңіз» кенішінде болған қызыл отты 398 күн бойы сөндіре алмаған. Бірақ ол кезде газ ғана емес, мұнай да жанған.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы