389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жайықта балықтың қырылуы экспортқа әсер еткен жоқ

  • 709
  • UPD: 00:06, 28.03.2019

Атыраулық балықшылар Каспий теңізінен су маржанының алғашқы легін аулады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Биыл балыққа сұраныс көп. Бір ғана кәрі құрлық елдері тапсырысты екі есе ұлғайтқан.

Дегенмен өткен жылдың соңында Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылғанын білесіз. Оның себебі әлі анықталған жоқ. Жалпы осы экологиялық апаттың балық шаруашылығына әсері болды ма? Өнімнің сапасын қадағалау қазір қай деңгейде?

Атыраулық балықшылар үшін қызу тірлік басталды. Өйткені қарт Каспийден торта, көксерке, ақмарқа мен сазан өзен сағасына қарай өрлеп барады. Биылғы меже – 15 мың тонна су маржанын аулау. Ауға түскен балық бірден өңдеу цехына жіберіледі.

Сара Таңжарықова, сертификаттау маманы:

- Біздің кәсіпорын балықтың 100-ге тарта түрін өндіреді. Өнімді Қазақстанның барлық аймағына жібереміз. Одан бөлек 10 мемлекетпен сауда-саттық жүргіземіз.

Балық өңдеушілер қазір күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Ал өткен жылдың желтоқсанында болған Жайықтағы жағдайға байланысты 2 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Алайда нақты себебі әлі айтылған жоқ. Сондықтан кәсіпорындардағы өңдеу процестері қатаң қадағалануда.

Таисия Набиева, микробиолог:

- Бірінші кезекте балықтың ішек таяқшасындағы микробтық бактерия санын анықтап, стафилококк, сальмонелла бар-жоғын тексереміз.  

Еуропалық серіктестер талабына сәйкес заманауи зертханаларда ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Еуроодақ құрамындағы сатып алушылар қазақстандық балықтан бас тартпақ түгілі, сұранысты 2 мың тоннаға ұлғайтты. Балықтың сапасынан бөлек су, мұз, тіпті цех ішіндегі ауа құрамы да тексеріледі. Өнімге микробтың кішкене мөлшерінің өзі түспес үшін сақтық шаралары жасалады. Каспий балығы ел аумағында негізінен ірі сауда орталықтарында сатылады.

Татьяна Минина, қала тұрғыны:

- Қаңтар айынан бастап балықты тек арнайы дүкендерден аламын. Өйткені сертификаты мен ветеринарлық анықтама қағаздары бар.

Мамандар бұл ретте жайма базарлар мен кездейсоқ саудагерлерден балық алмауға кеңес береді. Себебі, ол өткен жылдың желтоқсанында Жайықтан ауланған болуы мүмкін.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Виктор Сутягин, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы