378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандықтар тасқын қаупіне алаңдаулы

  • 139
  • UPD: 11:30, 28.03.2019

Шығыс Қазақстанда өткен жылы 1400 үйді су басып, 3 мыңнан астам адам эвакуацияланған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Үбі өзеніндегі мұздың қарқынды еруі салдарынан Шемонаиха ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді. Қазір ол өңірдің тұрғындары сол жағдай қайталанбаса деген тілекпен отыр. 

Өткен жылы облыста тасқынға байланысты 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Шемонаиха ауданында Үбі өзені арнасынан асып жолындағысын шайып өтті. Бірнеше сағаттың ішінде 40-тан астам үйге су кірді. 

Аудан тұрғыны Галина Шефель сол жылғы сұрапыл тасқынды шошына еске алады. Мұз аралас өзен суы лезде жетіп, үйіне лап қойғанда немерелерін алып, әрең қашып шыққан.

Галина Шефель, Шемонаиха ауданының тұрғыны:

– Біз осы жерде тұрдық, өзен жақтан келген су қатты қарқынмен лап ете түсті. Жолындағы ағаштың бәрін жайпап өтті. Тіпті не болғанын түсінбей, әбден есіміз шықты.

Баспанасын су алған әйелдің үйіне мамандар 1 миллион 200 мың теңге шығын келген деп ұйғарып,жөндеу жұмыстарына көмектескен. Дегенмен шемонаихалықтарда былтырғы тасқын қайталана ма деген үрей басым. Сондықтан өңірде өзендегі мұз көбесін сөгу жұмыстары жиі жүргізіліп жатыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Ал өскемендіктер осы Үлбі өзенінен үрейленеді. Өйткені кезінде бірнеше арнамен ағып жатқан өзен қазір тек бір-екі арнаның бойымен ғана өтеді. Осылайша су деңгейі көтеріліп, мына жердегі үй аулаларын басып қалады. Қазір Үлбі үнсіз. Бірақ қауіптің үлкені әлі алда,сәуір-мамыр айларында дейді тұрғындар.

Ольга Казанцева 35 жылдан бері Үлбінің бойында тұрады. Оның айтуынша, тасыған өзен суы талай уақыттан бері әуреге салып келеді. Жыл сайын ауласындағы қора-қопсысын жарамсыз етіп, шығынға батыруда.

Ольга Казанцева, қала тұрғыны:

– Маған тек шын мәнінде 2001 жылы ғана шығынды өтеу бойынша көмек көрсетілді. Одан кейін қанша су кірсе де, бірде бір көмек болған емес. Барлығы келіп, қарайды да кетеді.

Қала әкімдігі мәселені түбегейлі шешу үшін Үлбіні ескі арнасына салу керек дейді. Алайда бұл әзірге жоспар күйінде тұр. 

Қаныш Мұқажанов, қала әкімінің төтенше жағдайлар бойынша бас инспекторы:

– Қазір жоспар жасалып қойды. Мемлекеттік сараптамада. Осы 1-2 айда шығады деп отырмыз.Одан кейін қосымша ақша сұраймыз. 800 миллиондай ақша керек.

Өткен күзден бері қалада қызыл су жүру қаупі жоғары жерлерде тасқынның алын алу шаралары жүргізіліп, ол үшін 60 миллион теңге бөлінді. Биыл қар қалың түскенмен, жердің тоңы қатты қатқан жоқ, сондықтан қатер де аз дейді мамандар. Дегенмен қазір облыс жұртына су деңгейі көтеріліп, көшкін болуы ықтимал деген дабылды ескертулер келіп жатыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы