376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында қызыл судан келетін қауіп сейілді

  • 168
  • UPD: 15:19, 29.03.2019

Павлодар облысында қызыл судан қауіп төнуі ықтимал ауылдардың қатары екі есеге азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге елді мекендер саны – 14. Бұл жерлерде 2 мыңнан астам халық бар. Бұл – сала мамандары дер кезінде атқарған жұмыстардың нәтижесі. Десе де сақтық шаралары күшейтілген. Бүгінде қауіпті учаскелерде 24 сағат бойы жұмыс істейтін жедел штабтар құрылған. Қар суы шайып кететін жолдардың бойындағы құбырлар тазартылды.

Бұл – осыдан екі жыл бұрын болған су тасқынының бел ортасындағы елді мекен. Үйінділер Қарағанды облысындағы Ақжар бөгетінен келетін екпінді суға төтеп бере алмай, бұзылған. Салдарынан жүздеген түтін су астында қалды.

Сол оқиғаны Нұржан Саринкиннің көзі көрген. Бұл күндер келмеске кетсе де, әр көктемді үйрелене күтетін. Былтыр ауылдың бойында дамбалар көтеріліп, бекітілген. Нысандардың бүгінгі жағдайы талапқа сай.

Нұржан Саринкин, Сәтбаев ауылының тұрғыны:
- Мал шетінеген жағдайлар болды. Қазір енді жақсы. Осы үш-төрт жыл көлемінде болды. Қазір үйдің маңында тек қар суы. Оны жырып ағызып жатырмыз.

Бүгінде облыс аумағында қардың еруі бірқалыпты, қалыңдығы нормадан төмен. Өңірдің орталық аудандарында қар толық еріген. Енді таулы аймақтардағы бақылау күшейді.

Ғалым Әмиев, Сәтбаев ауылдық округінің әкімі:

- Дайындық бар. Инертті материалдар бар, үйіп қойдық. Сәтбаев ауылдық округіде тұр. Енді ауылдың азаматтары, әкімдіктің мүшелері хабарлау жұмыстарын жасап, жұмыс дайын. Енді Ақжар платинасынан келеді деген оймен оған да дайындық бар.

Ертіс өңірінде қызыл судан зардап шегуі ықтимал 14 елді мекен бар. Олардың екеуі Баянауыл ауданында орналасқан. Мәселен, біз тұрған Сәтбаев ауылы Қарағанды облысымен шекаралас жерде. Бұл елді мекенге жыл сайын көрші облыстағы Ақжат бөгетінен келетін қар суы қауіп төндіреді. Апатты алдын алу мақсатында осындай үйінділер орнатылған. Нәтижесінде қарс уының бағыты өзгертіліп, кейін Ащысу өзеніне құйылады.

Қауіпті сейілту үшін Ащысу өзенін тазарту, жағасын бекіту және түбін тереңдету жұмыстары қолға алынады. Былтыр апатты деп танылған Ақжар бөгеті күрделі жөндеуден өткізіліп, мәселе шешілді. Көрші облыстың аумағында қар ери қойған жоқ. Күн күрт жылыса, қар суы осы аумаққа өтеді.

Сергей Сытник, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:
- Ақжар бөгетінің техникалық жағдайын көрдік. Көңіл көншітерлік. Ол аумақта әзірге қар жатыр. Еріген жағдайда Баянауыл ауданына келуі мүмкін. Биылғы жылы су қабылдау камерасы жөндеуден өтті. Әзірге нысан суға тола қойған жоқ. Оны толтыру үшін жарты миллион текше метр су қажет.

Жұмыс осымен шектелмейді. Республикалық және облыстық маңыздағы жолдардың маңындағы су өткізу құралдары тексерілді. Бүгінде облыс аумағында мыңнан астам осындай нысан бар. Олардың 400-ге жуығы Баянауыл ауданында. Аймақта төтенше жағдайларды жою және алдын алу мақсатында 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы