389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Композиторлар: Авторлар қоғамы тарапынан төленетін қаламақы аз

  • 512
  • UPD: 15:17, 29.03.2019

Ақын да, сазгер де төл туындысы үшін қаламақы алуға тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олардың құқығын қорғап, тиісті ақшасын жинап беретін арнайы авторлық қоғамдар құрылған. Өздері мүшелікке өткен авторлық қоғам арқылы тиісті ақысын алып жүргендер де аз емес. «Десе де сол қаламақының көлемі азайып бара жатыр», – дейді заңгерлер.

Елімізде қаламақыны табыс көзіне айналдырған шығармашыл адамдар некен-саяқ. «Өйткені үш ай сайын жиналып берілетін төлеммен күн көру мүмкін емес», – дейді жас композитор Диана Исмаилова. Әйгілі видеохостингте тоқсан миллион рет қаралған «Қайда?» әнін жазған Диана авторлар қоғамы тарапынан төленетін қаламақының аз екенін айтады. 

Диана Исмаилова, жас композитор:

- Тоқсан миллион көрсетілімі болғаннан кейін миллиондаған ақша алмаймыз. Мысалға, «Қайда?» деген танымал ән болғаннан кейін бүкіл мейрамхана, телевизия, радио болсын көптеген жерлерде қойылып жатады. Сондықтан да мен оны білмеймін. Яғни автор ретінде қай жерде қанша рет ойналады, қанша рет қойылады және де оған телевидение қанша ақша бөледі? Ол жағын білмеймін. Ол туралы мен авторлар қоғамына өтініш білдірген болатынмын. Бірақ олардан әлі жауап жоқ.

Елімізде сегіз авторлық қоғам бар. Соның бірі – Қазақстан авторлар қоғамы. Оған 4300 адам мүше. Ұйым жиналған қаламақыны үш ай сайын төлеп отырады. Қоғам еліміздегі телеарна, радио және мейрамханалармен келісім жасаған. Соған сәйкес авторлық туындыны пайдаланған мекемелер төлем жасап, есеп беріп отырады екен.

Қазақстан авторлар қоғамы басшысының айтуынша, жиналған қаражаттың 30 пайызы заң бойынша қоғамның шығынына, қалғаны авторларға үлестіріледі.

Серік Исаев, Қазақстан авторлар қоғамның бас директоры:

- Біздің тікелей міндетіміз – қаламақы жинап беру. Мына дәмхана, мейрамханалармен тікелей жұмыс жасаймыз. Біз оларға рұқсат береміз. «Әнді орындаңыз» деп. Ол рұқсат алғаннан кейін әндерді орындайды. Шетелдікі болсын, Қазақстандікі болсын, бірақ белгіленген қаламақыны төлеп береді, артынан тізімін береді.

Қаламақы автордың шығармашылығын шыңдауға септігін тизізуі тиіс. Алайда заңгер Темірлан Төлегенов бұл салада әлі күнге дейін көлеңкелі келісім жойылмағанын айтады.

Темірлан Төлегенов, авторлық құқық бойынша сарапшы:

- Қаламақының көлемі азайып бара жатыр. Кейбір авторларға жиналған қаражат туралы есеп берілмейді. Бірақ аз болса да қаламақы төленеді. Өйткені авторлардың заңды қаламақысын төлемей қойған жағдайда, қылмыстық жауапкершілік бар. Бұл жағдай автордың емес, басқа адамдардың пайдасына шешіліп жүр.

2004 жылы елімізде қаламақының төменгі сомасы туралы үкіметтің қаулысы шыққан. «Дегенмен бұл құжат әлі күнге толық орындалмай келеді», – дейді заңгер.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы