379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде авторлық құқыққа қатысты дұрыс бағдар беретін заңгерлер тапшы

  • 145
  • UPD: 15:17, 29.03.2019

Нәтижесінде туынды иелері өз шығармаларын қалай тіркеу керектігін, тіпті арнайы заңның барын білмей жатады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақстандағы жалғыз контр-тенор, дирижер Батыржан Смаковтың айтуынша, Италияда бұл үрдіске басымдық беріледі. Ал автор құқығын аяқ асты еткендерге қомақты айыппұл салынады.

Италияда авторлық құқық туралы алғашқы түсінік композитор Джузеппе Вердидің дәуірінде қалыптасқан. Мұнда авторлар мен баспагерлердің құқығын қорғайтын халықаралық қауымдастық бар. Осы елде 6 жыл білім алып, еңбек еткен дирижер Батыржан Смаковтың айтуынша, Италияда авторлық құқыққа үлкен мән беріледі.

Батыржан Смаков, дирижер:

- Мен Италияда дирижер болғанда үлкен концерттер беретін едік. Әр концертте арнайы СІ формасын толтырғанымыз есімде. Классиктердің туындыларын орындадық па, өз авторлық шығармамыз ба, бәрін белгілейтінбіз. Егер келісім бұзылса, айыппұл тағайындалатын. Ауқымды шараларда осы үрдіс жиі қолданылды. 

Жас дирижер – Джоакино Россини консерваториясының түлегі, «100 жаңа есім жобасының жеңімпазы». Қазір өзі де шәкірт тәрбиелейді.  Батыржан Смаков – қазақтың хор әуендері антологиясын шығаруға атсалысқан өнерпаз. Осы арқылы төл өнерімізді көпке паш етуді көздейді. Себебі, плагиат деген сөзді жаны сүймейді.

Батыржан Смаков, дирижер:

- Плагиат ХХ ғасырда да болған, қазір де бар. Бірақ мен мұны құптамаймын. Бұл композитор, жазушы, суретші, музыканттардың еңбегі. Қазір тіпті курстық жұмыстарды да плагиаттыққа тексеріп жатыр. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Бұл шығармашыл жастарды біреудің еңбегін жеуден сақтандырады. Елімізде осыған мән беріп жатқанына қуанамын. 

Иә, Қазақстанда 23 жыл бұрын авторлық құқық туралы заң қабылданған. Алайда туынды иелері өз құқығын қорғай алмай келеді. Өйткені заңды дұрыс білмейді. Оларға бағыт берер заңгерлер де тапшы. Айта кетейін, қазір Сенат депутаттары «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісім» заң жобасын қарап жатыр. Ол арқылы Еуразиялық одақ аясында авторлық құқықты сақтау, сыйақы төлеу мәселесі реттелуі тиіс.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы