377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында балыққа бақылау күшеймек

  • 138
  • UPD: 20:11, 29.03.2019

Алдағы айда Атырау облысында «Бекіре-2019» жедел алдын алу операциясы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің мамандарға ресейлік әріптестері көмекке келеміз деп отыр.

Бұдан былай Атырауда балыққа бақылау суда да, жерден де күшейтіледі. Өйткені, уылдырық шашу үшін Каспий теңізінен өзендерге бағыт алған су тіршілік иелерін жаппай аулаудан браконьерлер қымсынбай отыр. Оларға қарсы күрес үшін арнайы күзетілетін аймақтарда 10 жүрдек кеме қолданылады. «Жылдам техника заң бұзғандардың ізін суытпай қуып жетуге таптырмас құрал», – дейді мамандар.

Тимур Тайсеңгіров, ҚР ҰҚК шекара қызметінің жағалау күзеті жасағы бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Каспий теңізінің жағасында, біздің учаскеде 2 техникалық бақылау бекеті бар. Осы арқылы тәулік бойы теңіздің беткі қабатына радиолокациялық бақылау жүргіземіз. Жұмысымыз нәтижелі болу үшін мемлекеттік органдармен де, ресейлік кеденшілермен де бірлесе қызмет атқарамыз.

Жағалау бойында 16 бекет бар. Оның 10-ы – жылжымалы. Өзендерді күзету үшін мобильдік топтар құрылып жатыр. Инспекторларға 30 катер берілді. Өткен жылы «Бекіре» операциясы кезінде өңірде балықты заңсыз аулау дерегі бойынша 770 құқық бұзушылық анықталды. Жүздеген азаматқа айыппұл салынды, 31 браконьер сотталды. Бірақ бұл шаралар да заң бұзушылықты тия алмай отыр. «Мұның себебі браконьерлерге тағылған айып пен жазаның жеңіл болуында», – дейді құқық қорғаушылар.

Нариман Жүнісов, ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Балықты заңсыз аулаған, жалпы жануарлар дүниесіне шығын әкелген азаматтардың жауапкершілігін күшейту үшін бірінші кезекте олардың қаруын тәркілеу қажет. Тиісінше, салынатын айыппұл көлемін де арттыру керек.

Қылмыстық кодекске осындай өзгертулер мен түзетулер енгізілуі мүмкін. Өйткені бұл ұсыныстар бүгінде Парламент қарауында жатыр. Браконьерлердің қылмыс санын азайту мәселесі осы жылы өзектілене түсті. Өйткені Жайық өзенінде белгісіз себептерге байланысты балықтардың жаппай қырылуы өзен қорына үлкен шығын әкелді. Ғалымдардың кеңесі бойынша балық аулау лимитін 5700 тоннадан 4500 тоннаға қысқарту туралы шешім қабылданды. Ал өзенді қорығын кешенді зерттеу үшін облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаражат бөлінді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Виктор Сутягин, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин.

Хабар 24 телеарнасы