379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы Біржан сал аудандық ауруханасында маман тапшы

  • 113
  • UPD: 20:12, 29.03.2019

Ақмола облысындағы Біржан сал аудандық ауруханасында 23 дәрігер жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Емдеу мекемесінде қарапайым лор, окулист секілді мамандар жоқ. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың аймаққа жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Біржан сал аудандық ауруханасының бұл кейпі министрдің төбе шашын тік тұрғызды. Себебі екі бөліктен тұратын емдеу мекемесі корпустарының бірі 1928 жылы салынса, екіншісі осыдан 40 жыл бұрын жатақхана ретінде бой көтерген. Күрделі жөндеу жұмыстарының өзі 2000 жылдардың басында жасалыпты. Аурухананы аралап көрген Елжан Біртанов бұл мәселені қаперге алғанын жеткізді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Қазір тікелей ештене айтуға болмайды. Оның себебі, біз әлі мұның бәрін қарастыруымыз керек. Қаражатты ойластыру қажет. Бірақ көріп отырмын. Біз қазір дамыған елдердің қатарына кіруді жоспарлап отырмыз. Еліміздегі әр азамат бірыңғай стандарттарға құқылы. Қалада тұрса да, ауылда тұрса да,, сапалы медициналық көмекке мүмкіндік болу керек.

Дәрігерлердің көбі болмағандықтан, емделушілердің біразы көрші аудандарға барып емделуге мәжбүр. Тіпті мұндағы кейбір бөлімшелер бірнеше жылдан бері жұмыс істемей тұр.

Аудан дәрігерлерімен болған кездесуде министр ендігі жерде жалақының дұрыс төленуі де қатаң қадағаланатын айтты. Тіпті әрбір ауруханадағы әр маманның еңбегі әділ бағалануы жіті бақылауда болмақ.

Жиында маман тапшылығы да сөз болды. Мәселен, өткен жылы осы ауруханадан 8 дәрігер мен 15 медбике кетіп қалған. Министрдің айтуынша, медицина мамандығын грантпен оқыған студенттер енді жолдамамен жіберілген жерінде кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.

Марат Досетов, Біржан сал аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Біз жыл сайын бос орындар жәрмеңкесіне барып, өзімізге қажетті мамандарды алып келуге тырысамыз. Облыс, аудан әкімдіктерінен грант та бөлініп жатыр. Бірақ өкінішке орай соңғы жылдары маман тұрақтамайтын болды.

Ал бұл – Щучинск қаласындағы көпбейінді ауданаралық ауруханасы. Ғимараты жап-жаңа болғанымен, мұнда да маман тапшылығы байқалады. Жалпы Ақмола облысында бүгінде 150-ден астам дәрігер жетіспейді. Елбасының жаңа әлеуметтік бастамаларын түсіндіруге келген Денсаулық сақтау министрі аймақта тағы бірнеше ауданның ауруханаларымен танысып, қызметкерлерімен кездесті.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы