379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде «Бақытты отбасы» бағдарламасымен бірнеше отбасы баспаналы болды

  • 164
  • UPD: 21:29, 29.03.2019

Ақтөбеде «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы тұрмысы нашар отбасылар баспаналы болып жатыр.

Бүгін көп балалы бірнеше анаға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінде өскен жастарға пәтер кілті табыс етілді. Салтанатты рәсімге «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол салтанатты шарадан соң партияның облыстық филиалында конференция өткізіп, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында қолға алынған жобалармен танысты. 

Гүлжанар Бейсенбаева «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына келді. Жалғызбасты ананың жұмыс іздегеніне біраз болыпты. Баласының денсаулығына да алаңдап, арнайы интернатқа орналастырғысы келеді. «Халыққа көмек» жобасымен бір жерде қабылдау жүргізіп отырған мамандар Гүлжанарға көмек беретін болды. Баласы оңалту-сауықтыру орталығына қабылданса, өзі сауда орталығына жұмысқа орналасты. 

Гүлжанар Бейсенбаева, қала тұрғыны:

– Өзім жұмыс істейін десем, баламен шыға алмаймын. Ата-анам жоқ. Пәтер жалдап тұрамын.

«Халыққа көмек» жобасы – жаңа бастама. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде мемлекеттік органдардың мамандары, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастық өкілдері отырады. Яғни талап-тілегін айтқысы келген тұрғын бір жерден жедел көмек алады. Одан бөлек, әлеуметтік желі мен электронды қызмет арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Жан-жақтан түскен өтініштердің 30 проценті бірден шешімін табады.

Ал «Бақытты отбасы» жобасы біраз жанға қуаныш сыйлап үлгерді. «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданынан аз қамтылған отбасыларына жеңілдікпен баспана беріле бастады. Бірі тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы алса, енді біріне арендалық пәтердің кілті берілді. Жалпы облыста 23 мың шаршы метр жалдамалы үйлердің құрылысы басталды. Оның 60 пайызы тұрмысы қиын отбасыларына беріледі.

Партия ерекше назарды қажет ететін жандардың жағдайын да ұмытқан емес. «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Ақтөбеде ашылған коворкинг орталығында осындай жандар өздерінің әлеуметтік жобаларын іске асырады.

Партияның облыстық филиалының конференциясында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар жан-жақты талқыланды. Ал партия төрағасының бірінші орынбасары алға қойған міндеттерді тиімді іске асыру үшін, партияның тікелей ықпал етіп, жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Нәтижелі жұмыс істеуіміз керек. Елбасы бізге съезде нақтылап тұрып берген тапсырмаларын біз жүйелеп, сараптап, 5 бағытқа топтастырдық. Сондықтан осы бағыттар бойынша біз алдағы уақытта жұмысымыздың нәтижесін халыққа, Елбасыға көрсетуіміз керек.

Партия төрағасының бірінші орынбасары сапарын Қобда ауданында жалғастырып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Ауылдағы айти кабинеті мен «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жұмысын көрді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы