389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өмір сүйгіш өжет жан дерті ауыр балалардың азабын азайтуға атсалысып жүр

  • 628
  • UPD: 08:46, 30.03.2019

Қатерлі дертке шалдығып, үміт пен күдік арпалысқан тағдырлар аз емес. Алайда оған қарамастан Самат Рамазанов өзін сап-сау сезінеді. Өмірге шексіз ғашық жан өзінің осы қасиетімен Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының емделушілерімен бөліседі. Дәрігерлер көңілді қонақтың қызықты қойылымдарын ерекше әңгімелеп, одан үлгі алуға тырысады.

Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында Самат Рамазановты бәрі таниды. Ол қатерлі дертпен күресіп жатқан балаларға қойылымдар әзірлеп, олардың көңілін көтереді. Клоунмен бірге ойнап, бой жазып сергіп қалған балапандар емді жақсы қабылдайды дейді дәрігерлер. Саматтың жасы 29-да. Бірақ оны дәрігерлер «кішкентай» деп еркелетеді. Сирек кездесетін тұқым қуалайтын дертке шалдыққан ол, тағдырдың сынына ешқашан мойыған емес.

Самат Рамазанов, қоғамдық қордың жетекшісі:

- Шынымды айтсам, мен өзімді толыққанды азамат ретінде санаймын. Қиындықтар, ауыр дерт туралы ойламауға тырысамын. Себебі өмірде адам өзін өзі алға жетелеуі керек. Сондықтан мен жақсылық жасау, қызықты идеялар ойлап табу арқылы өзімді қанаттандырамын.

Қазақстанда осындай тұқым қуалайтын ауруға 47 адам шалдыққан. Олар ауру асқынып кетпес үшін фермент алмастырғыш терапия қабылдайды. Дертпен күресудің қандай қиын екенін Самат жақсы біледі. Сондықтан орталықтағы балаларға бір сәт болса да ауруын ұмыттыру үшін барын салады. Жақында ол балаларға жігер беретін ролик жасады. Оның өмір сүйгіш қасиеті балаларды ғана емес, дәрігерлерді де қанаттандырады.

Риза Боранбаева, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры:

- Оның осынша көңілді, шаршамайтын күш қуатына кейде таңқаламын. Бәріне үлгереді. Балалар оның клоун бейнесін жақсы көреді. Ол талантты артист. Біздің орталыққа келгелі бері аз уақытта көп іс атқарды.

Сан қырлы Самат қазір кино мен жарнамаға түсіп, жоғары оқу орнында режиссер мамандығы бойынша білім алып жатыр. Жақында ғана қоғамдық қордың жетекшілігін қолға алған ол, науқас балаларға көмектесуді ары қарай жалғастырмақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Кенже Амраев, Ерлан Абжанов

Хабар 24 телеарнасы