379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордайлық 11 кәсіпкер аз қамтылған отбасыларға баспана салып берді

  • 141
  • UPD: 15:29, 31.03.2019

Жамбыл облысында 44 мыңнан астам көп балалы және 15 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 70 проценті ауылда тұрады. Қазір өңірде осы санаттағы тұрғындарға жәрдем көрсету шараларына ерекше ден қойылып отыр. Әсіресе, Қордай ауданы белсенді. Мұнда мемлекет көмегінен бөлек, кәсіпкерлер де игі іске ынтамен араласып жатыр.

Қордай ауданында 1600-ден астам аз қамтылған отбасы әлеуметтік жәрдем алады. Жуырда арнайы жұмыс тобы аудандағы 41 елді мекенді аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде көмекке зәру тағы 42 отбасын анықтап, тіркеуге алды. Тізім жасалып, қазір нақты көмек көрсету шаралары жүріп жатыр.

Алтынкүл Мәдиеваның 6 баласы бар. Қазір өзі бала күтімімен үйде отыр. Ал жолдасы мектепте күзетші болып жұмыс істейді. «Оның табысы оқытып отырған екі студент қыздан артылмайды» дейді көпбалалы ана. Жергілікті билік бұл отбасын тізімге қосып, тегін мал үлестірді. 

Сонымен қатар аудан кәсіпкерлері 11 аз қамтылған отбасына баспана салып берді. Солардың бірі – Сәрсебай Салыбаев. Биыл ол мұқтаж жандарға арнап үш үй тұрғызған.

Гүлмира Добай, Қордай ауданының тұрғыны:

– Бұған дейін пәтерде тұрдық. Бұл тосынсый болды. Тек үй ғана беріп қоймай, жұмыспен де көмек беріп жатыр.

Қазір ауданда арнайы қор құрылған. Мұнда жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер көмек ретінде мал өткізіп жатыр. Қазір 200 бас қой және 5 бас сиыр жиналды. Төрт-түлік әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға беріледі.

Айгүл Зауырбаева, Қордай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Одан басқа ауданда көп балалы 50 отбасы өзінің бизнес ашуына жоба жасап жатыр. Әр отбасына 505 мың теңге тегін грант берілетін болып жоспарлануда. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр.

Биыл ауданда әлеуметтік қамқорлық көрсету шаралары жалғасады. Мәселен, өткен жылы 1433 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл 3634 жанұяға көмек көрсетіледі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы