388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде мүгедек жандардың басқосуы өзге бір өзекті мәселенің бетін ашып берді

  • 524
  • UPD: 17:29, 31.03.2019

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шаһар көшелерінде жүріп тұруына шектеу көп. Елімізде әлі де болса қоғамдық орындардың басым бөлігі ерекше жандарға арнайы жасақталмаған.

Қарапайым қоғамдық көліктері мен азық-түлік дүкендерінен бастап, түрлі мемлекеттік орган ғимараттарана да кіріп-шығу қиындық тудыруда. Мүгедек арбасына таңылған ақтөбелік Шахан Жолдасбаев бұл бағыттағы жұмыстарды белсендірек жүргізу керек дейді.

Осыдан екі ай бұрын Ақтөбеде «Біз біргеміз» шарасы өткен болатын. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған басқосудың басты ұраны – мүгедек жандардың жұмысқа орналасуында шек болмауы керек делінген. Алайда бұл жиын тағы бір мәселенің басын ашты. Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі азамат жайлы түнеп шығатын қонақ үйі жоқ көрінеді. Шаһардағы жүздеген жатын орындарының бірде-бірі мүгедек жандарға арнайы жасақталмаған. Ауқымды шараға жиналған азаматтар орналастатын орын таппай қиналыпты.

Шахан Жолдасбеков, Ақтөбе тұрғыны:

- Кез келген ғимарат құрылысында біздің мүмкіндіктеріміз ескерілуі тиіс. Жобада болғанымен көптеген құрылыс компаниялары ұмыт қалдырады. Ал қайтадан жарақтаудан гөрі о бастан ақ тиісті талаптарға сай салу арзанға шығады деп ойлаймын.

Қазіргі таңда облыс орталығындағы бір ғана қонақ үй екі орындық бір бөлмені қайтадан жарақтауға көшкен. Жөндеу жұмыстарының қымбат болғанына қарамастан кәсіпкер олқылықтың орнын толтырамыз дейді. Тұтынушылар үшін таңдау болмағанымен, мұның өзі жоқтан жақсы.

Владимир Филонов, қонақ үй директоры:

- Есіктер кеңейтіліп, арнайы тұтқалар салынады. Қолжуғыш төмен түсіріліп, биік орнатылған заттардың барлығын қоларбаның деңгейіне түсіреміз. Бұл арзан дүние емес. Дайын дизайнды қайтадан өзгертуге тура келеді. Қонақүйге арба да сатып аламыз.

Он екі мүшелі сау азаматтар аттап кететін аяқ астындағы кедергілер арбаға таңылған жан үшін күнделікті күрес. Ал, құрылыс компанияларының пандус деп салған нысандары тіпті мазақ сияқты. Орталық саябақ маңындағы жерасты жолына бірде-бір мүмкіндігі шектеулі жан жақындамайды. Өз бетімен түспек түгілі 3-4 адамның сүйемелдеуімен жүрудің өзі мұң. Әзірге шаһардағы қоғамдық орындардан тек мемлекеттік мекеме ғимараттары тиісті пандустармен жарақталған. Ал жекеменшік мекемелер бұл талапты атүсті орындап отыр. Дегенмен, жақын күндері бұл мәселе оңынан шешілетініне Шахан Жолдасбаев сенімді. Кез келген құрылысшыға да тиісті сызбалар жасауға ақысыз кеңес беруге де әзір.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы