384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құтқарушылар Кенесары су қоймасында жедел іс-шаралар жүргізді

  • 659
  • UPD: 19:23, 31.03.2019

Ақмола облысында Бурабай ауданы аумағындағы Кенесары су қоймасының қабырғасы опырылды. Оқиға бүгін таңда болған.

Ал су қоймасы Көкшетау қаласынан 35 шақырымдай жерде орналасқандықтан ағын су облыс орталығына келеді деген қауіп бар. Осыған орай құтқарушылар жедел іс-шаралар өткізді. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бүгін таңғы сағат 4:25-те оқиға міне дәл осы жерде болған. Кенесары су қоймасына су толып, дамбаның қабырғасын шеткі жағынан опырып түскен. Міне өздеріңіз көріп тұрсыздар. Ал бұрын артық шыққан су ана жердегі құбыр арқылы өзеннің келесі бөлігіне түсіп отыратын болған. Ал қазір міне барлық су өз бетінше ағып кетіп жатыр.

Жалпы аталған су қоймасы шағын ғана. Ол кезінде іргедегі ауылдың малы мен егістігін суаруға арнап салынған екен. Елді мекен тұрғындарының айтуынша, мұндай оқыс оқиға 2017 жылы да болған. Сол кезде ағын су Қозыбек ақсақалдың үйінің жанынан орып өтіпті. Енді міне жыл сайын қауіп-қатер күшейіп келеді.

Қозыбек Назаров, Кенесары ауылының тұрғыны:

- Мына жердің бәрі теп-тегіс болған. 2017-де. Содан үлкен-үлкен мұздар келді де бәрін быт-шытын шығарды. Былай қарай бұрылып кетті. Біздің үйге 2 жарым метр қалған. Жолынан енді екі-ақ метр қора-қопсы. Жылда-жылда былай құлай береді, құлай береді. Уже жақын.

Су қоймасының сыр беруіне оның техникалық жағдайының нашарлығы сеп болған. Өйткені, ол, біраз жылдары бойы иесіз жатқан. Тек былтыр ғана «Казводхоз» мекемесінің иелігіне өтіпті. 

Алексей Советов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Казводхозға біз бірнеше рет ескерту жасадық. Тіпті Үкімет пен жергілікті билік те су қоймасына қатысты бір шара қолдануды талап етті. Алайда еш нәтиже болмады. Міне селқос қараудың соңы осындай жағдайға әкеліп отыр. Енді қолдан келгенше үйлерге суды кіргізбеуге тырысамыз.   

Ал қоймадан қашқан ағын су Қылшақты және Шағалалы өзендерімен жүріп отырып, облыс орталығына қарай бет алады. Оның жылдамдығы мен көлемін азайту үшін құтқарушылар, ағын судың бағытын бірнеше жерден далаға қарай бұрған. Өйтпесе қарғын су, Кенесары ауылы мен Көкшетау қаласының арасында орналасқан Ивановка су қоймасына төте баратын еді. Ал бұл шаһарға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қалада өзенге жақын орналасқан үйлердің маңайы инертті материалдармен қоршалды. Әзірге жағдай бірқалыпты. Себебі ағын су әлі облыс орталығына жете қойған жоқ. Мәселе жіті бақылауда. 

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы